Еуразиялық экономикалық комиссияда (ЕЭК) жаңа өнеркәсіптік кооперациялық тізбектер құру қажеттігі айтылды.
Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Виталий Вовк Одаққа мүше елдердің өнеркәсіп өкілдері жаңа кооперациялық байланыстарды қалыптастырудың маңыздылығын терең түсінуі қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәскеу облысындағы Коломна көлік машина жасау зауытының өндірістік алаңында өткен беларусьтік станок жасау кәсіпорындарының өкілдерімен жұмыс кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz ЕАЭО туралы баяндайтын Telegram-арнаға сілтеме жасап.
ЕЭК өкілінің айтуынша, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту – стратегиялық маңызға ие фактор.
– Бұл жекелеген кәсіпорындардың ғана емес, көлік машина жасаудың тұтас еуразиялық кластері мен оған сабақтас өнеркәсіп салаларының технологиялық егемендігіне қол жеткізу үшін маңызды, – деп түсіндірді ол.
Осылайша, сөз саланың сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін азайту, тұрақты өндірістік негіз қалыптастыру және Одақ өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы болып отыр.