01.10.2026
Бәрібір де – үздік оқушы!

Еңбек және Машина жасаушы күні қатар келген мерекелер қарсаңында Сергей Шиннің «Машина жасау өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғаны туралы жаңалық әріптестері үшін күтпеген жағдай болған жоқ. «Мэйкер» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытында оны өз ісінің шебері, қолынан өнер тамған, өз учаскесіндегі әрбір бөлшекті бес саусағындай білетін маман ретінде таниды.

Сергей Шин үшін машина жасау – отбасылық кәсіп. Бұл салада оның жақындары да еңбек еткен. Сондықтан ол мектеп кезінен-ақ өмірін қандай мамандыққа арнайтынын білген.

«Машина жасау – еліміз үшін маңызды сала. Менің дәл осы салада еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Көп жылдан бері бір учаскеде жұмыс істеп, конвейер роликтерін жасап келемін. Бұл шағын бөлшектер өндірістік жабдықтардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді: конвейер таспасын ұстап тұрып, оның бойымен шикізатты, кенді, металды және басқа да жүктерді тасымалдауға көмектеседі».


Сергейдің жоғары кәсіби біліктілігі оны учаске шебері қызметіне дейін жеткізді. Еңбек жолына көз жүгірте отырып, ол өндірістегі жетістіктеріне мектеп мұғалімдерінің де қосқан үлесі зор екенін айтады. Қарағандының жұмысшы ауданында өскен балаға ұстаздары білім беріп қана қоймай, еңбекті бағалауды да үйреткен.

Сергей Шин алғашқы ұстазы Людмила Платонованы ерекше ризашылықпен еске алады. Осыдан 54 жыл бұрын ол мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді алғаш қарсы алған еді. Алғашқы ұстаздың адам өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені баланың мектепке, білімге деген көзқарасы ең алдымен сол ұстаздан басталады.

«Людмила Федоровна болашақ білімімнің берік негізін қалады. Сол үшін оған әлі күнге дейін алғысым шексіз. Кейін ол сыныбымызды тарих пәнінің мұғалімі Мария Ивановна Пудовкинаға тапсырды. Жаңа сынып жетекшіміз өз пәнін ерекше жақсы көретін, бізді де тарихқа қызықтыра білді. Оның сабақтарына асыға баратынбыз. Қазір де жұмыстан бос уақытымды еліміздің және дүниежүзі тарихын зерделеуге арнаймын», – дейді Сергей Шин.


Мектеп оқушысы кезінде оны тек гуманитарлық пәндер ғана қызықтырған жоқ. Болашақта кәсіби жолына пайдасы тиген физика пәні де сүйікті сабақтарының бірі болды.

«Жасөспірім кезімізде кейбір пәндердің не үшін қажет екенін үнемі түсіне бермейтінбіз. Тек жылдар өте келе мектепте алған білімнің өмірде қаншалықты қажет екенін ұғынасың. Мен үздік оқушы болған жоқпын, бірақ ұстаздарым берік білім негізін қалыптастыруға көмектесті. Соның арқасында политехникалық институтқа түсіп, өз мамандығымды таңдадым. Ең бастысы – мұғалімдеріміз бізге сенді. Есейген кезде сол сенімнің өмір жолында қаншалықты демеу болатынын түсіндім», – деп санайды Сергей Шин.


Бүгінде кейіпкеріміздің өзі де тәлімгер атанып, жас жұмысшыларға кәсіби тәжірибесі мен жинақтаған білімін үйретіп келеді. Мектепте жақсы оқығанымен, үздік болмаған Сергей машина жасау саласында нағыз үздік маманға айналды.


Дереккөз: liter.kz