Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Қазыбек бек» индустриялық аймағының аумағында Asia United Steel зауытының құрылысы басталды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл жоба өңірдің жаңа өнеркәсіптік алыбына айналуға толық мүмкіндікке ие. Жобаның құны 289 млрд теңгені құрайды. Жоспарланған өндірістік қуаты – жылына 1,2 млн тонна болат. Кәсіпорында 600 жаңа жұмыс орны ашылады.
Нысанның капсуласын салтанатты түрде қалау рәсіміне жергілікті билік өкілдері, жобалау ұйымдары және шетелдік инвесторлар қатысты.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, болашақ зауыт Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі металлургиялық кәсіпорындардың біріне айналуы мүмкін. Оның іске қосылуы өңірдің ғана емес, тұтастай республиканың экономикалық әлеуетін арттырады.
– Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінді, – деп атап өтті әкім. – Asia United Steel зауытының құрылысы – индустриялық серпіліске жасалған нақты қадам. Мұндай әрбір жоба өңірдің өндірістік қаңқасын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашады, салық базасының кеңеюіне және заманауи технологиялардың енгізілуіне ықпал етеді.
Болат құю зауыты 78 гектар аумақты қамтиды. Бар болғаны бір ай бұрын ашылған «Қазыбек бек» индустриялық аймағында алғашқы кезеңде 11 кәсіпорынды орналастыру жоспарланған. Олардың негізгі бағыттары – металлургия және металл өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдары мен өнеркәсіптік жабдықтар өндіру, сондай-ақ жүк сақтау қызметтерін көрсету. Жобалардың жалпы құны 640 млрд теңгені құрайды. Оларды іске асыру нәтижесінде 2,5 мың жұмыс орны ашылады.
Алматы облысы индустриялық аймақтарын басқарушы компанияның бас директоры Ербол Шокаевтың айтуынша, инвесторларға 567 гектар жер бөлінген. Алдағы екі жыл ішінде «Қазыбек бек» индустриялық аймағы қуаты 150 МВт электр жеткізу желісімен, су құбырымен және тәулігіне 100 вагонға дейін қызмет көрсете алатын теміржол логистикасымен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта өндірістік нысандар мен қоймалардың құрылысы кезеңінде кәсіпкерлерге уақытша электр және сумен жабдықтау желілері ұсынылған.
Өз кезегінде Asia United Steel компаниясының негізін қалаушы Линь Гуощун Алматы облысын Қазақстандағы ынтымақтастық пен бизнес жүргізуге ең перспективалы өңірлердің бірі ретінде бағалады. Оның айтуынша, жоба толықтай шетелдік инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Зауытта ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие құрылыс және өнеркәсіптік болат прокаты өндіріледі. Негізгі мақсат – Орталық Азия елдерін өніммен қамтамасыз ету.
Инвесторлар құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылға қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Кәсіпорында болат балқытуға арналған энергия тиімді пештер орнатылып, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтатын технологиялар енгізіледі. Рәсімге қатысушылардың сендіруінше, нысан Қазақстанда қабылданған экологиялық стандарттарға толық сәйкес болады.
Дереккөз: kazpravda.kz