14.04.2026
Биылғы І тоқсанда еліміздің өңдеу өнеркәсібі өсім көрсетті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында "2026 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы" тақырыбында сөз сөйлеп, еліміздің өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы оң нәтижелер туралы мәлімдеді.

Министр атап өткендей, еліміздің өңдеу өнеркәсібі саласы 2026 жылдың І тоқсанында 8,5% деңгейінде өсім көрсеткен.

«І тоқсан қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында жиынтық көрсеткіш 8,5% деңгейінде оң динамика байқалады. Машина жасауда өндіріс 21,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 2,4%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 51,1%-ға өсті. Құрылыс материалдарының өндірісі – 37,1%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 26,9%-ға артты», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұл ретте, Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспорттау жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ел өңірлерінде жаңа өндірістерді іске қосу, жергілікті қамтуды арттыру және инвестициялық қызметті белсенді түрде ынталандыру арқылы тиісті салаларда тұрақты өсім қарқынын сақтау бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға жетті.


Дереккөз: ҚР ӨҚМ