19.11.2025
«ҚазМұнайГаз» және Эстонияның ірі машина жасау зауыты өнеркәсіптік кооперация келешегін талқылады

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Эстонияның Tallinna Masinatehas OÜ компаниясының бас директоры Вадим Мартыновпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан аумағында жабдық өндірісін жергілігтендіру мүмкіндіктерін талқылады.

Келіссөздер барысында Асхат Хасенов жергілікті қамтуды ұлғайту және жоғары технологиялық отандық өндірісті дамыту ҚМГ үшін стратегиялық басымдықтар екенін атап өтті. Бұл тек мұнай-газ саласына арналған жабдықты шығару ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу, мамандарды даярлау және сервистік құзыреттерді дамыту мәселелерін де қамтиды.

Тараптар ірі шетелдік машина жасау кәсіпорнымен өзара іс-қимылды күшейту Қазақстан зауыттарының әлеуетін арттыруға, технологиялық құзыреттілікті кеңейтуге және саланың жаңа даму нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.


Анықтама үшін

Tallinna Masinatehas OÜ – Еуропадағы ең көне машина жасау кәсіпорындарының бірі, 1865 жылы құрылған. Зауыт Балтық өңіріндегі әуе салқындатқыш аппараттарын өндіретін ең ірі кәсіпорын болып табылады және жылу алмастырғыш әрі басқа да өнеркәсіптік жабдықтарды жобалау мен өндіруде кең құзыретке ие.


Материал «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұсынған ақпарат негізінде дайындалды