Қазақстандық машина жасаушылар электромобильдерге техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерін меңгеруде, деп хабарлайды «24KZ» тілшісі.
Өскемен қаласында халықаралық әріптестік форматында Қазақстан мен Қытай мамандары электр қозғалтқыштарын жөндеу және диагностикалау бойынша жарыстар өткізуде. Механиктердің жұмысын Қытайдың ірі автомобиль концерндерінің өкілдері бақылауда. Ең үздік және болашағы зор шеберлер Қытайдың автозауыттарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Шығыс Қазақстанның техникалық университеттері мен колледждерінің студенттері халықаралық тәжірибеден өтуде. Болашақ машина жасаушылар Өскемендегі Лу Бань шеберханасында кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Мұнда электромобильдердің соңғы үлгілері ұсынылған. Автомеханиктер топтары жарыс форматында электр қозғалтқыштарына диагностика жүргізеді.
Мұрат Мұздыбаев, профессор, техника ғылымдарының кандидаты:
– Біз салаға кәсіби кадрлар даярлайтын халықаралық кеңістікке интеграциялануымыз қажет. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл – объективті қажеттілік. Сондықтан мұндай байқауларға қатысу біз үшін өте маңызды.
Командаларға бір сағат ішінде барлық электр жабдықтарын тексеріп, ықтимал ақауларды анықтау міндеті қойылған. Қателікке жол берілмейді. Қатысушылардың жұмысын Қытай автозауыттарының инженерлері бағалайды. Үздіктер тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Ілияс Исақанов, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенті:
– Бүгінде Қазақстан нарығында саны артып келе жатқан электр және гибридті автокөліктерге қызмет көрсететін мамандар жетіспейді. Бұл тәжірибе бізге елімізді әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы автозауыттар мен автосалондарға жаңа буын автомеханиктері қажет. Мұндай сұраныс электромобильдерге деген қызығушылықтың артуымен байланысты. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында елге 7 мыңнан астам электромобиль импортталған. Қазіргі таңда Қазақстан жолдарында кемінде 15 мың электрокөлік жүрсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш екі есе аз болған.
Сондықтан автомобиль концерндері мамандарды қазірдің өзінде мұқият іріктеуде.
Кирилл Ларионов, Өскемен қаласындағы жөндеу-реттеу кәсіпорнының техникалық директоры:
– Бұл сала бүгінде өте қарқынды дамып келеді. Көптеген кәсіпорындар дәл осындай көліктерді сатып алып жатыр, ал мамандарға деген сұраныс жыл сайын артуда.
Вячеслав Ветлугин, тілші:
– Қазақстанның машина жасау саласы уақыт талабына сай дамып келеді. Инженерлер экологиялық шешімдерді енгізуде. Мысалы, Алматыда электробустар шығаратын зауыт ашылады. Бұл – енді болашақ емес, бүгінгі күннің шындығы.