«Болашақ» бағдарламасы іске қосылғаннан бері автомобиль өнеркәсібі үшін 176 маман даярланды. Оның ішінде 161 түлек міндетті еңбек өтеу мерзімін аяқтаса, тағы 15 маман еңбек өтеуін жалғастырып жатыр. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері 13 мыңнан астам қазақстандық шетелдің жоғары оқу орындарында білім алған.
Түлектер қайда жұмыс істейді?
Автомобиль өнеркәсібіне қатысты мамандықтар бойынша білім алған түлектер тек автокөлік кәсіпорындарында ғана емес, сондай-ақ машина жасау, авиация, мұнай-газ салаларында, ұлттық және жекеменшік компанияларда еңбек етеді.
Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше:
«Әлемнің жетекші университеттерінде алған білімдерін, заманауи кәсіби құзыреттері мен халықаралық тәжірибесін түлектер Қазақстанда тиімді пайдаланып, машина жасау, өнеркәсіп және экономиканың басқа да басым салаларын дамытуға өз үлестерін қосып келеді».
Сала үшін мамандар қалай даярланады?
Автокөлік өнеркәсібі кәсіпорындары жоғары оқу орындары мен колледждермен ынтымақтастық орнатып, дуальды оқыту жүйесін дамытып, кадрлық резерв қалыптастыруда. Сонымен қатар қызметкерлер үшін корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынуда, медициналық сақтандыру бағдарламалары кеңейтіліп, тамақтану және көлікпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.
Дереккөз: bes.media