21.10.2026
Қазақстандық зауыттар миллиардтаған тапсырыстан қағылуда: депутат ЖЭО үшін шетелдік жабдықтардан бас тартуға шақырды

«Ақ жол» фракциясының депутаты Бақтыбек Бибаев отандық энергетика саласының шетелдік жабдықтарға толықтай тәуелді екенін қатаң сынады. Ол сырттан келетін компанияларды технологиямен бөлісуге міндеттеп, жергілікті өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды талап етті.

Мемлекет пен ірі корпорациялар электр станцияларын жаңғыртуға және жаңадан салуға қыруар қаржы бөлгенімен, турбиналар мен генераторларға берілетін қомақты тапсырыстар әлі күнге дейін шетелге кетіп жатыр. Бұл өзекті мәселені Құрылтай депутаты Бақтыбек Бибаев бірінші вице-премьердің атына жолдаған сауалында көтерді.

Депутат нақты мысал ретінде Қарағанды турбомеханикалық зауытының жағдайын тілге тиек етті. Кәсіпорын қуаты 60 МВт болатын бу турбинасын өз күшімен әзірлеп, толықтай жасап шығарған. Алайда тапсырыс беруші шетелдік өнімнің сәл арзандығын желеу етіп, қазақстандық агрегаттан бас тартқан.

Отандық кәсіпорындарды қорғап, капиталдың сыртқа ағуын тоқтату үшін депутат Энергетикалық машина жасауды дамыту орталығын құруды ұсынды. Оның жұмысына құзырлы мемлекеттік органдар, QazIndustry, «Самұрық-Энерго» АҚ және ірі тау-кен металлургия компаниялары тартылуы тиіс. Орталық саланың қажеттілігін анықтап, басымдық берілетін отандық өндірістердің тізімін жасамақ.

Бұған қоса, Бибаев ірі энергетикалық жобаларда шетелдік жеткізушілерге техникалық құжаттаманы бөлісу және Қазақстанда бірлескен өндіріс орындарын ашу талабын қою қажет деп санайды. Ал күрделі құрал-жабдықтар, қазандар мен турбиналар шығаратын отандық зауыттарды қолдау үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар тетігін енгізу ұсынылып отыр. Бұл өндірушілерді тұрақты сұраныспен қамтамасыз етіп, олардың сериялық өндіріске кедергісіз өтуіне жағдай жасайды.


Дереккөз: shyndyk.kz