15.07.2026
Қазақстандық машина жасаушылар жоғары технологиялық өнім өндірісін игеруде

Өндірісті жергіліктендіруді жүйелі түрде дамыту қазақстандық машина жасау кәсіпорындарына жоғары технологиялық өнім шығаруды игеруге, өндірістік қуаттарын кеңейтуге және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының одағында хабарлады.

Одақтың мәліметінше, осы бағыттағы табысты мысалдардың бірі – Шымкент қаласындағы KARLSKRONA кәсіпорны. Компания жылдар бойы инженерлік жобалау, құю өндірісі, механикалық өңдеу, құрастыру, сынақтан өткізу және сервистік қызмет көрсетуді қамтитын толық өндірістік циклді қалыптастырды.

Одақ дерегіне сәйкес, кәсіпорын мұнай-газ, атом, энергетика және тау-кен-химия салаларына арналған өнеркәсіптік сорғы жабдықтарын, сорғы станцияларын, электр техникалық өнімдерді және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді шығарады.

Өндірістің дамуына ұлттық компаниялармен орнатылған ұзақ мерзімді ынтымақтастық оң ықпал етіп, жаңа жабдық түрлерін игеруге және жергіліктендіру деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кәсіпорында сорғы жабдықтарындағы жергілікті қамту үлесі 60–80 пайызға, ал құю өнімдері бойынша 90 пайызға дейін жеткен. Сонымен қатар кәсіпорын өзінің инженерлік құзыреттерін дамытып, құю өндірісі мен механикалық өңдеу бағыттарын кеңейтуді жалғастыруда.

Өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, халықаралық өнеркәсіптік жобаларда, оның ішінде атом саласындағы жобаларда да қолданылып келеді. Сонымен қатар кәсіпорында өндірісті жаңғырту және техникалық жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар арқылы инженерлік кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік отандық кәсіпорындардың өндірісті жаңғыртуына, заманауи технологияларды игеруіне және шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуіне мүмкіндік береді.

«Тәжірибе көрсеткендей, ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық отандық кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға, заманауи технологияларды игеруге және шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл жергіліктендіру деңгейінің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігінің нығаюына ықпал етеді», – деді Талғат Базарбеков.


Оның айтуынша, Шымкенттегі кәсіпорынның тәжірибесі қазақстандық өндірушілердің ірі өнеркәсіптік тапсырыс берушілердің талаптарына толық сәйкес келетін әрі ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнім шығаруға қабілетті екенін айқын дәлелдейді.

Дереккөз: inform.kz