23.12.2025
Қазақстандық машина жасаушылар QazaqGaz жобаларына қатысу аясын кеңейтуде

2025 жылғы 23 желтоқсанда QazaqGaz, Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Самұрық-Қазына Контракт, Қазақстан машина жасаушыларының одағы және жетекші отандық кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы 2023 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында айқындалған тапсырмаларды іске асыру болды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін арттыру және отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін сатып алу көлемінің 10%-ына дейін жеткізу мәселелері қаралды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық өндірісті дамытуға әрі қарай да белсенді түрде жәрдемдесуге және «QazaqGaz» АҚ мен машина жасау кәсіпорындары арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын екенін растады. Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев машина жасау саласы кәсіпорындары мен «QazaqGaz» еншілес ұйымдары арасындағы офтейк-келісімшарттар санының оң динамикасын атап өтті.

«Егер 2023 жылы 924,2 млн теңгеге 17 офтейк-келісімшарт жасалса, 2024 жылы – 5,3 млрд теңгеге 41 келісімшарт, ал 2025 жылдың 11 айында олардың саны 41-ге жетіп, жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеден асты. Жалпы алғанда, аталған кезеңдерде шамамен 11,2 млрд теңгеге 99 офтейк-келісімшарт жасалды», – деді Мейрам Пішембаев.

Сонымен қатар, машина жасау кәсіпорындарының әлеуеті жоғары болғанымен, ынтымақтастықты дамытуға техникалық құжаттаманың жеткіліксіздігі және сатып алу көлемдерінің шағын болуы сияқты бірқатар факторлар кедергі келтіретіні атап өтілді.

2025 жылдың 9 айында машина жасау өнімдерінің импорты шамамен 20 млрд АҚШ долларын немесе елдің жалпы импортының 43%-ын құрады, бұл салада импортты алмастыру әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

QazaqGaz Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов сатып алуды ұйымдастырудағы жаңа тәсілдер туралы хабарлады.

«Жаңа ережелерге сәйкес, сатып алулар электрондық форматта жүргізілуі тиіс. Бұл рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етіп, әлеуетті жеткізушілер арасында адал бәсекелестікті күшейтеді, сондай-ақ сатып алу барысында сөз байласудың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Әлібек Жамауов.

Ол сондай-ақ жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жұмыс салалық министрліктердің, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан машина жасаушыларының одағы белсенді қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Дөңгелек үстелде газды қайта өңдеу және магистральдық құбыржолдарын салу салаларындағы QazaqGaz жобаларына ерекше назар аударылып, бұл бағыттарда отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту жоспарлары айтылды.

Іс-шара аясында QazaqGaz еншілес ұйымдары мен Қазақстан машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындар арасында офтейк-келісімшарттар мен келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында – «Бёмер Арматура» ЖШС (шарлы крандар өндірісі), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (газ айдау агрегаттарының турбина роторларына арналған қалақшалар өндірісі) және «Қазақстан БҰ ЭХЗ технологиялары» (анодтық жерге тұйықтағыштар).

Дөңгелек үстел отандық тауар өндірушілерді қолдау жүйелі әрі басым бағытқа айналып келе жатқанын, бұл импортқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал ететінін растады.

Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға, офтейк-бағдарламаларды кеңейтуге және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.