«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы жиырма алтыншы онлайн-отырыс өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары болды.
«Даму» қорының Кепілдік беру департаментінің бас менеджері Наталья Дьякова өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына арналған қаржылық қолдау бағдарламаларын таныстырды. Негізгі назар өндірістік кәсіпорындарды қолдауға және бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған «Өрлеу» бағдарламасына аударылды.
Қатысушылар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына (ЭҚЖЖ 25–30) арналған қолданыстағы кепілдік беру тетіктерімен және Қор бағдарламаларына қатысу шарттарымен танысты. Талқылау барысында өндірістік кәсіпорындардың айналым қаражатын қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуді қоса алғанда, қаржылық қолдау құралдарын одан әрі жетілдірудің өзектілігі атап өтілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Erreesse Caspian Valves» ЖШС өндірістік әлеуетінің таныстырылымына арналды.
Компанияның бас директоры Асқар Ілиясов мұнай-газ, мұнай-химия, химия, тау-кен және өнеркәсіптің басқа да салаларына арналған жоғары технологиялық шарлы крандар өндіретін кәсіпорынның қызметі туралы баяндады.
Кәсіпорын никель қорытпаларынан, дуплексті және супердуплексті болаттан, тот баспайтын және көміртекті болаттан, сондай-ақ күрделі пайдалану жағдайларына арналған басқа да арнайы материалдардан шарлы крандар шығарады.
Таныстырылым барысында өнімді жобалау мен өндірудің барлық кезеңдерінде заманауи инженерлік шешімдерді қолдануға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, цифрлық модельдеу, беріктік есептеулері және халықаралық стандарттарға сәйкес стресс-талдау жүргізіледі.
Кәсіпорында енгізілген сапа менеджменті жүйесі ISO 9001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келеді. Ал шығарылатын өнімдер API, ASME, MSS және басқа да халықаралық салалық стандарттарға сәйкес жобаланып, сынақтан өткізіледі.
Отырысқа қатысушыларға кәсіпорынның өндірістік номенклатурасы, отандық өнім өндірісін кеңейту келешегі және өндірістік кооперацияны дамыту мүмкіндіктері таныстырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар өндірістік кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу және отандық өндірісті дамыту қазақстандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың маңызды факторлары болып қала беретінін атап өтті.