29.09.2025
Қазақстандық машина жасаушылар Бейжіңде өткен BICES 2025 халықаралық көрмесіне қатысты

2025 жылғы 23–26 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында құрылыс техникасының, машина жасау жабдықтарының, тау-кен өнеркәсібіне арналған техника мен құралдардың ең ірі халықаралық көрмесі BICES 2025 өтті.

Көрмеге Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, сондай-ақ Одаққа мүше кәсіпорындардың басшылары («Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС, «QSM Resources» ЖШС және «Қазақсельмаш» корпорациясы» ЖШС және т.б.) қатысты. Қазақстандық делегация жетекші әлемдік машина жасау компаниялары ұсынған озық технологиялармен танысып, бірқатар әлеуетті әріптестермен кездесті.

Іскерлік бағдарлама аясында Талғат Базарбеков Қытай халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі кеңесінің (CCPIT) Машина жасау жөніндегі шағын комитетінің төрағасы Чжоу Вэйдунмен кездесу өткізді. Тараптар Комитет пен Қазақстан машина жасаушыларының одағы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылды кеңейтуге және 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын келісуге уағдаласты.

Талғат Базарбековтің айтуынша, көрме қазақстандық компанияларды халықаралық нарыққа ілгерілетуге ғана емес, сонымен қатар машина жасауды дамытудың заманауи үрдістерін – цифрландыруды, автоматтандыруды және экологиялық таза технологияларды енгізуді зерделеуге мүмкіндік берді.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы үшін BICES 2025 көрмесіне қатысу – бұл әлемдік көшбасшылармен тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға маңызды мүмкіндік. Біз қол жеткізілген уағдаластықтар мен байланыстар Қазақстан машина жасауын дамытуға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз», – деп атап өтті Талғат Базарбеков.

BICES 2025 көрмесіне әлемнің 30 елінен 1 300-ден астам компания қатысты, экспозицияның жалпы алаңы 150 000 м²-ден асты, ал көрмеге 70 елден 150 000-нан жоғары адамды келді. Бұл көрме дәстүрлі түрде инновацияларды көрсетуге, тәжірибе алмасуға және машина жасау мен құрылыс саласындағы іскерлік байланыстарды орнатуға арналған жетекші алаңдардың бірі болып табылады.