10.09.2025
Қазақстандық дөңгелектер Еуропа нарығына шығады

«Проммашкомплект» компаниясы (Railways Systems KZ кластерінің құрамына кіреді және Қазақстан машина жасаушыларының одағы қатысушысы) Еуропаға теміржол дөңгелектерін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның бас директоры Роман Павлингер мәлімдеді.

Қазіргі уақытта зауыт Deutsche Bahn үшін сертификаттаудан өтуде. Бұл процесс шамамен 2–3 жылға созылады, себебі өнім Еуроодақтың регламенттеріне сәйкес пайдаланудағы сынақтардан өтуі тиіс.

Жеткізілімдер Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Ақтау, Баку порттары және ары қарай Еуропаға жөнелтіледі. Бұл жол дәстүрлі Ресей арқылы өтетін бағытқа қарағанда қымбатырақ болғанымен, қазақстандық өнім үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашады.

2024 жылы «Проммашкомплект» шамамен 270 мың теміржол дөңгелегін өндірді. Өндірілетін өнімнің 70%-дан астамы экспортқа жеткізіледі. Негізінен дөңгелектер Ресейге шығарылады. Компания «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қазтеміртранс» АҚ қолдауын ала отырып, қазақстандық нарыққа да өнім жеткізеді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы пікірінше, отандық кәсіпорындардың жаңа халықаралық нарықтарға шығуы ұлттық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің экспорттық әлеуетін дамытуға маңызды қадам болып табылады.

Материал kz.kursiv.media ақпараты негізінде дайындалды