10.07.2026
Қазақстанда жасалған: Qarmet отандық машина жасау кәсіпорындарын болатпен қамтамасыз етуде

Қазақстандық кәсіпорындар машина жасау саласындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытып, өндірістегі отандық өнім үлесін кезең-кезеңімен арттырып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – QazTehna зауытында шығарылатын автобустардың шанақ бөлшектерін Qarmet компаниясы өндіретін мырышталған болаттан жасау.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылы кәсіпорында Қазақстандағы алғашқы гидравликалық штамптау пресі іске қосылды. Бұл жабдық автобус шанағының металл бөлшектерін өз күшімен дайындауға мүмкіндік береді. Бөлшектерді өндіруде Qarmet металлургиялық комбинаты шығаратын 08КП маркалы мырышталған болат пайдаланылады.

«Бұл штамптау пресінің қысым күші – 1600 тонна және ол Қазақстандағы осындай үлгідегі бірегей жабдық. Онда автобустардың негізгі шанақ бөлшектері – шатыр элементтері, бүйір панельдері және басқа да құрамдас бөліктер дайындалады. Болатты бізге Qarmet компаниясы жеткізеді. Біз әртүрлі қалыңдықтағы металды қолданамыз. Оның сапасы жоғары әрі штамптау жұмыстарына өте қолайлы», – дейді QazTehna зауытының инженер-технологы Назар Бурихин.


Оның айтуынша, отандық болатты пайдалану өндірісті жергіліктендіруді дамытуға және импорттық құрамдауыштарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік берген маңызды қадам болды. Штамптау өндірісінің іске қосылуы нәтижесінде автобустар өндірісіндегі жергіліктендіру деңгейі 11 пайыздан астамға артқан.

Бүгінде жаңа өндірістік желіде Yutong маркалы қалалық, туристік және мектеп автобустарына арналған негізгі шанақ бөлшектері, оның ішінде шатырдың бүйір және орталық бөліктері, бүйір қаптамалары және басқа да штампталған элементтер шығарылуда.

Qarmet мамандарының айтуынша, отандық машина жасау кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамыту компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

«QazTehna зауытына мырышталған болат жеткізу біздің металлургиялық комбинат өнімдерінің заманауи жоғары технологиялық өндірістердің талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдейді. Біз үшін Қазақстанда өндірілген болаттың елімізде шығарылатын техниканы жасауға пайдаланылуы ерекше маңызды. Мұндай өнеркәсіптік кооперация ішкі нарықты дамытуға, жергіліктендіру үлесін арттыруға және Қазақстан кәсіпорындары арасында тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді компания мамандары.


Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалардың жүзеге асуына металлургиялық комбинатта қолға алынған ауқымды жаңғырту бағдарламасы негіз болып отыр. Qarmet соңғы ондаған жылдардағы ең ірі инвестициялық кезеңді жүзеге асырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және отандық металлургияның әлеуетін күшейтуге бағытталған жобаларды іске асыруда.

Қазіргі уақытта комбинатта №8–9 жаңа кокс батареяларының, жаңа сұрыпты прокат кешенінің, үздіксіз ыстықтай мырыштау және полимерлі жабындар желісінің, сондай-ақ құю-прокат кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру құрылыс, машина жасау, автомобиль жасау және өнеркәсіптің басқа да салаларында сұранысқа ие заманауи металл өнімдерінің өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Металлургиялық комбинаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Qarmet өндіретін мырышталған болаттың QazTehna автобустарын шығаруда қолданылуы бүгінде отандық металлдың қазақстандық машина жасау өнімдерінің берік негізіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның дамуы еліміз ішінде толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға, қосылған құнды ұлғайтуға және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.


Дереккөз: tengrinews.kz