16.06.2026
Қазақстанда теміржол саласы, көлік машина жасау және электр жабдықтарына арналған заманауи сынақ зертханасы құрылуда

Satbayev University инженерлік білім беру, қолданбалы ғылым және өнеркәсіптің нақты қажеттіліктерін ұштастыратын стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруда.

Осындай бастамалардың бірі – Астана қаласында Көлік мәселелерін кешенді зерттеу ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп құрылатын «Байғанат» өнеркәсіптік сертификаттау сынақ орталығы. Университет ғылыми-зерттеу базасы мен инженерлік кадрларды даярлауға жауапты болса, ғылыми-зерттеу орталығы жобаның көлік саласының практикалық қажеттіліктерімен тығыз байланысын қамтамасыз етеді.

Жаңа зертхана төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: дірілге төзімділік сынақтары, климаттық сынақтар, IP қорғаныс дәрежелері бойынша шаң мен ылғалға төзімділік сынақтары, сондай-ақ төмен және жоғары вольтты электр техникалық жабдықтарды сынақтан өткізу.

Бұл орталық кәсіпорындарға өз өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қысқа мерзімде растауға мүмкіндік береді, шетелдік зертханаларға тәуелділікті азайтып, жаңа нарықтарға шығуға жол ашады.

Satbayev University жанындағы А. Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының Астана қаласындағы «Машина жасау» кафедрасы филиалының меңгерушісі Раушан Аймағамбетованың айтуынша, бүгінде Қазақстанда теміржол, көлік және медицина салалары үшін толық циклді сынақ жүргізетін зертханалар жеткіліксіз.

«Сондықтан жаңа зертхана отандық өндірушілерді қажетті сынақ базасымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сынақ жүргізу мерзімдерін едәуір қысқартады әрі барлық үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ашықтық пен нақты нәтиже – біздің басты қағидамыз», – деді ол.


Осы мақсатта зертхана LIMS (Laboratory Information Management System) жүйесімен жабдықталады. Бұл бағдарламалық қамтамасыз ету зертхана жұмысының барлық негізгі кезеңдерін – сынама қабылдаудан бастап сынақтарды жоспарлау, нәтижелерді тіркеу, деректерді сақтау және есептерді дайындауға дейінгі процестерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді.

Мұндай жүйе зертхананың сынақ орталықтарының құзыреттілігіне қойылатын халықаралық талаптарға толық сәйкес жұмыс істеуі үшін ерекше маңызды.

Болашақ зертхана басшысы Расул Тлегеновтің айтуынша, жоба әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.

«Біз Brüel & Kjær, Angelantoni Test Technologies, Chroma ATE, Siglent Technologies, Hioki, Sonel, HBK, Tunkia және Guildline Instruments сияқты әлемдік жетекші компаниялардың жабдықтарын таңдадық. Сонымен қатар зертхана барлық талаптарға толық сай болуы үшін ғимаратты дайындауға да ерекше назар аударып отырмыз», – деді ол.


Теміржол және көлік саласы кәсіпорындарына ғылыми-техникалық қолдау көрсететін ұлттық алаң болумен қатар, «Байғанат» зертханасы студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас зерттеушілер үшін де құзыреттілік орталығына айналады.

Сондай-ақ орталықты ISO/IEC 17025 халықаралық стандарты бойынша аккредиттеу жоспарлануда. Бұл зертхананың кәсіби құзыреттілігін растап, шетелдік жоғары оқу орындарымен, сынақ орталықтарымен және өнеркәсіптік серіктестермен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге негіз қалайды.


Дереккөз: kazpravda.kz