01.10.2026
Қазақстанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына арналған жабдықтарды жөндеу қызметтері жергіліктендіріледі

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мен америкалық мұнай сервистік корпорациясы Baker Hughes Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларына қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойды.

Келісімге Алматы қаласында KIOGE-2026 халықаралық конференциясы мен көрмесі аясында, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның тікелей қатысуымен қол қойылды.

Келісімшарт Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарында пайдаланылатын Baker Hughes Nuovo Pignone газ турбиналары мен компрессорларын инспекциялау және жөндеу қызметтерін жергіліктендіруді көздейді.

Бұл ынтымақтастық жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік құзыреттерін кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

«ҚазМұнайГаз» компаниясында атап өткендей, бұл келісім ірі мұнай-газ жобаларына арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді өндіру, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету саласында отандық машина жасау кәсіпорындары мен тауар өндірушілердің үлесін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.

«ҚазМұнайГаз» үшін жергілікті қамтуды дамыту және ел ішіндегі құндылықты арттыру басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ұлттық компания мұнай-газ жабдықтарына қызмет көрсету, оларды жөндеу және техникалық диагностикалау салаларында жаңа өндірістер құруға және қазақстандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетіп келеді.

Baker Hughes компаниясы әлемнің 120-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстанда компания Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына сервистік қызмет көрсетіп, жабдықтар жеткізеді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мұнай мен газды өндіруге және тасымалдауға, энергетика саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеу және өндірумен, сондай-ақ металл конструкциялары мен машина жасау өнімдерінің басқа да түрлерін шығарумен айналысады.


Дереккөз: azh.kz