«Өнеркәсіпті дамыту қоры» биыл еліміздегі түрлі жобаларды қаржыландыруға 1 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы 947,8 млрд теңгемен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы X Еуразиялық Green Energy & Waste Recycling бизнес-форумында «Өнеркәсіпті дамыту қорының» ( «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) өңірлік жобалық дирекциясының бас менеджері Әлібек Ормышев мәлімдеді.
«2025 жылы біз шамамен 950 млрд теңге көлеміндегі жобаларды қаржыландырдық. Биыл бұл көрсеткішті 1 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Оның айтуынша, қор өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және автомобиль жасау салаларындағы жобаларды қаржыландырады.
Автомобиль жасау саласындағы жобалар үшін қаржыландыру көлеміне қатысты шектеу қойылмаған. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға (құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу, ағаш өңдеу, химия өнеркәсібі және тұтыну тауарларын өндіру) қойылатын негізгі талаптардың бірі – жоба құнының кемінде 7 млрд теңге болуы.
Қалдықтарды қайта өңдеу жобалары бойынша қаржыландырудың сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3 пайызды құрайды, ал қаржыландыру мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін белгіленген. Компания иесі жоба құнының кемінде 20 пайызын, оның ішінде 10 пайызын ақшалай қаражатпен қамтамасыз етуі тиіс.
Осындай шарттар отандық қоқыс таситын арнайы техниканы сатып алуға да қолданылады. Бұл жағдайда қарыз беру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін қарастырылған.
Бүгінде Өнеркәсіпті дамыту қорының жобалар портфелі 2,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылы жалпы құны 947,8 млрд теңгені құрайтын 528 жоба қаржыландырылып, жалпы құны 149,6 млрд теңге болатын 14 жоба пайдалануға берілді.
Дереккөз: kursiv.media