17.11.2025
Қазақстанда ұлттық автомобиль брендін құру жоспарлануда

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен малайзиялық Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) компаниясы Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамыту және ұлттық автокөлік өндірушісін құруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа ҰБХ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мен PROTON компаниясының корпоративтік стратегия жөніндегі вице-президенті Айнол Азмил Абу Бакар қол қойды.

– PROTON компаниясымен ынтымақтастық отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Серіктестеріміздің тәжірибесі мен технологиялары заманауи өндірістік базаны қалыптастырудың және елдің индустриялануы мен экономикалық өсіміне үлес қосатын ұлттық автомобиль брендін құрудың негізіне айналады, – деді Рустам Қарағойшин.

Өз кезегінде Айнол Азмил Абу Бакар меморандумға қол қою компанияның Қазақстандағы халықаралық қатысуын кеңейтудегі маңызды кезең болғанын атап өтті.

– Біз Қазақстанның стратегиялық бастамасының бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Біздің тәжірибеміз бен технологиялық шешімдеріміз жергілікті өндірісті дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.

Келісім аясында техникалық-экономикалық зерттеулер жүргізу, жергілікті серіктестерді айқындау және қаржыландыру тетіктерін пысықтау қарастырылған.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Қазақстанда инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері енгізіліп, инвестициялық штаб құрылатыны, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жеке бизнес «инвестицияларға тапсырыс» қалыптастыратыны хабарланған болатын. 2024 жылы әкімдіктер өңір ерекшеліктерін ескере отырып жобалар ұсынатыны белгілі болды. Ал 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестицияларға тапсырыстың жалпы көлеміне 202 жоба кіретіні хабарланды. «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасын іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Дереккөз: kapital.kz