01.04.2026
Қазақстанда экономика салаларын роботтандыру бойынша Жобалық кеңсе құру жоспарлануда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бектілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев институционалдық базаны қамтамасыз ету, ғылымға инвестиция тарту және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Өз кезегінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инновацияны дамыту мен технологиялық жаңғырту – өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң цифрлық трансформация, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды жаңғырту үшін инвестиция тартуға басымдық береді. Бұл шараларды жүзеге асырып, нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібінде кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығындары 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 1,9 триллион теңгеге жетті», — деді ол.


Жалпы салада цифрлық трансформацияға, стартаптарды қолдауға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған инновациялық экожүйе қалыптасуда.

500 кәсіпорынның технологиялық деңгейіне бағалау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша өндірістік процестерді жаңғыртуға қатысты 23 ұсыныс әзірленді.

Цифрлық технологияларды енгізу бойынша 240 қызметкер оқытудан өтті.

Жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жол картасы аясында өндірісте жасанды интеллект қолданатын 11 пилоттық жоба жүзеге асырылды.

«Машина жасау саласында инновацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – өндірісті роботтандыру. Қазірде елімізде 10 мың жұмысшыға шаққанда 7 роботтан келеді. Бұл әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен едәуір төмен көрсеткіш. Осыған байланысты өндірісте роботтандыруды дамыту және кадр тапшылығын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Оның ішіне автоматтандырылған өндірісті басқару жүйесі, деректерді талдау, жасанды интеллект, цифрлық платформалар, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелері кіреді. Өткен жылы өндрістерде FANUC және ABB роботтарын қоса есептегенде 300-ден астам робот орнатылды. Мысал ретінде KIA Qazaqstan зауытында 68 робот, Astana Motors-та 54 робот жұмыс істейді», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, «Digital Kazakhstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құру жоспарлануда. Министрлік жетекшілік ететін салалардағы инновациялық қызметті қолдау және дамыту бойынша жұмысты жалғастыратын болады.


Дереккөз: primeminister.kz