30.06.2026
Қазақстанда автокөлік өндірісі қарқын алды: қай брендтердің шығарылымы артты?

Қазақстанда автокөлік өндірісі қарқынды өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында отандық кәсіпорындар 78 580 бірлік техника өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 36,1 пайызға арттырды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айында қазақстандық зауыттар 15 178 бірлік техника шығарған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,7 пайызға жоғары көрсеткіш.

Қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінің көлемі ақшалай есептегенде 932,9 млрд теңгеге жетіп, 15,5 пайызға өсті. Автомобиль жасау саласының машина жасау өнеркәсібіндегі үлесі 41,6 пайызды құрады.

Есепті кезеңде қазақстандық кәсіпорындар 73 122 жеңіл автокөлік, 1 281 автобус, 2 396 жүк көлігі, 297 арнайы техника, сондай-ақ 1 484 тіркеме мен жартылай тіркеме өндірді.

Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) деректеріне сәйкес, өндіріс көлемі бойынша көшбасшы Қостанайдағы Allur зауыты болды. Онда бес ай ішінде 27 911 бірлік техника шығарылған. Екінші орында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) жаңа зауыты орналасып, 21 478 автокөлік өндірді. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 16 161 автокөлік, ал Kia Qazaqstan 8 059 автокөлік шығарды.

Қазақстанда өндірілетін автокөлік брендтері арасында Hyundai көш бастап, 16 131 автокөлік құрастырды. Одан кейін Chevrolet (14 996), Kia (9 209), Changan (8 112), Chery (6 290), Haval (6 154), Jetour (3 821), JAC (3 093), Geely Galaxy (2 678) және Tank (922) брендтері орналасты.

ҚАО президенті Анар Макашеваның айтуынша, автокомпоненттер өндірісін дамыту автомобиль жасау саласындағы жергіліктендіру деңгейін арттыруға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.

Дереккөз: baq.kz