«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және америкалық Wabtec компаниясы жаңа ТЭ33АТ сериялы локомотивтерді жеткізу туралы келісімге қол қойды. Өндіріс Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» базасында жергіліктендірілген.
Серіктестік аясында жаңа және қолданыстағы локомотивтерге техникалық қызмет көрсетуді қамтитын сервис келісімдері де жасалды. Бұл шаралар ҚТЖ паркінің сенімділігін арттырып, пайдалану шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді келісімдер Сексеуіл, Аягөз, Мақат, Ақтөбе, Астана, Шалқар және Алматы қалаларындағы сервис орталықтарының орналасқан жерлерінде халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Келісімдердің жалпы сомасы 4,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Жаңа локомотивтер жоғары қуаттылығымен, энергия тиімділігімен және сенімділігімен ерекшеленеді. Бұл ҚТЖ-ға жүк айналымы артқан жағдайда тарту дайындығының пайызын көбейтуге мүмкіндік береді. Локомотив паркінің тозу деңгейі қазіргі ~49%-дан 2030 жылға қарай 32%-ға дейін төмендейді.
ҚТЖ мен Wabtec арасындағы әріптестік 2000 жылдардың басында басталған болатын және ол Қазақстан теміржол саласын жаңғыртудың маңызды драйверіне айналды. Бірлескен жұмыс жылжымалы құрам мен өндірістік процестерді әлемдік деңгейге шығарып, заманауи әрі сенімді көлік инфрақұрылымын құруға жол ашты.
Бұл келісім Қазақстандағы локомотив жасау тарихындағы ең ауқымды мәміле болып, елдің Еуразиядағы көлік технологиялары нарығындағы стратегиялық ойыншы ретіндегі рөлін күшейтті.
«Аталған келісімге қол қойылуы отандық машина жасаудың жоғары құзыреттілігін және оның жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялану қабілетін дәлелдейді. Локомотивтерді шығару ісінің жергілікті деңгейде ұйымдастырылуы, сервис желісінің құрылуы және ұзақ мерзімді инвестициялардың тартылуы экономиканың дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға тікелей ықпал етеді. Қазақстан машина жасаушыларының одағы мұндай жобалардың кеңеюін ел индустрияландыруының басты бағыты ретінде қолдайды», – деп атап өтті Қазақстан машина жасаушыларының одағында.