20.11.2025
Қазақстан мен Эстония бірлескен өндіріс орнын ашады

Эстония президенті Алар Каристің Қазақстан Республикасына ресми сапары және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі аясында "Alageum Electric" Компаниялар тобы мен Таллин машина жасау зауыты (Tallinna Masinatehas) арасында Қазақстан аумағында жылу алмасу, сыйымдылық және басқа өнеркәсіптік жабдықтарды өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құруға арналған келісімге қол қойылды.

"Alageum Electric" баспасөз қызметі мәліметінше, келісім тараптардың Қазақстанда жоғары технологиялы жылу алмасу және өнеркәсіптік жабдық өндіруді локализациялау ниетін бекітеді. Бірлескен кәсіпорын елдің энергетика және мұнай-газ машина жасау саласында жаңа индустриалды кластерге айналып, Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына және Орталық Азия экспорттық нарықтарына өнім шығарады.

Таллин машина жасау зауытының 50 жылдан аса тәжірибесі бар. Жылу алмасу жабдықтарын, соның ішінде энергетика, мұнай-газ және ауыр өнеркәсіпке арналған ауа салқындатқыш жүйелерін шығарады. Бұл кәсіпорын Солтүстік Еуропадағы технологиялық көшбасшылардың бірі болып саналады.

Қазақстан мен Эстония делегацияларының өкілдері келісімнің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, жобаның өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, технологиялық тәжірибе алмасуға және қазақстандық кәсіпорындар базасында инженерлік компетенцияларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын ерекше айтты.

"Біз жылу алмасу және сыйымдылық жабдықтарын 50 жылдан аса шығарып келеміз, біздің өнімдер Қазақстанда да жақсы танымал. Бүгін Alageum Electric компаниясымен күш біріктірудің айтарлықтай әлеуетін көреміз. Бірлескен кәсіпорын құру бізге тәжірибе мен технологияларды біріктіріп, жергілікті өндірісті дамыту арқылы Қазақстанда жергілікті тапсырыс берушілердің қажеттіліктеріне сай жоғары сапалы жабдық ұсынуға мүмкіндік береді. Alageum компаниясының өндірістік мүмкіндіктері мен біздің тәжірибеміз синергиясы мықты әрі бәсекеге қабілетті өнімнің негізін қалайды", - деді Таллин машина жасау зауытының бас директоры және акционері Вадим Мартынов.

"Alageum Electric" - Қазақстанның жетекші электрмашина жасау компаниясы, 30 кәсіпорынды және 4 500-ден аса қызметкерді біріктіреді. Холдинг трансформаторлар, электротехникалық жүйелер, қосалқы станциялар өндіреді және энергетика мен өнеркәсіпке кешенді шешімдер ұсынады.

"Таллин машина жасау зауытымен серіктестік Холдингтің құзіретін кеңейтуге және өндіріс желісін әртараптандыруға маңызды қадам болады. Бұл Қазақстанда озық жылу алмасу жүйелерін шығаратын отандық өндірушіні құруға, саланың жоғары сапалы жергілікті өнімдерге қол жеткізуіне, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарымен инженерлік мамандарды дамытуға жол ашады", - деді Еркебұлан Ілиясов.

Таллин машина жасау зауыты (Tallinna Masinatehas) – Еуропаның ең ескі өндірістік кәсіпорындарының бірі, 1865 жылы құрылған. Жылу алмасу және өнеркәсіптік жабдықтарды, соның ішінде энергетика мен мұнай-газ кешеніне арналған ауа салқындатқыштарын шығарады. Солтүстік Еуропада технологиялық көшбасшы ретінде танылған.

Alageum Electric - 1997 жылы Сайдулла Қожабаев негізін қалаған, Қазақстандағы ірі электрмашина жасау холдингі. 30 кәсіпорынды біріктіреді: Кентау трансформатор зауыты, Asia Trafo, Орал және Петропавл электротехникалық зауыттары, Алматы электромеханикалық зауыты, ЭЛМО және т.б. Барлық түрдегі трансформаторлар (0,4–500 кВ), қосалқы станциялар, электротехникалық жүйелер өндіреді, EPC жобаларды жүзеге асырады және өз R&D орталықтарын дамытады. Өнімдері ТМД және шет елдерге экспортталады.


Дереккөз: tengrinews.kz