16.04.2026
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының қорытындылары

2–3 сәуірде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтті

Форумның басты тақырыбы – «Роботтандыру және озық технологиялар – қазақстан машина жасау саласының даму келешегі».

Форум дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңы ретінде қызмет етеді. Биыл өндірісте заманауи технологияларды енгізу, ішкі нарықты дамыту, сондай-ақ қазақстандық машина жасаушылардың экономиканың негізгі секторларындағы үлесін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға 20-дан астам елден 1300-ден астам қатысушы қатысты. Олардың қатарында Австрия, Германия, Италия, Қытай Халық Республикасы және басқа да мемлекеттер бар.

Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, салалық министрліктердің, ұлттық компаниялардың, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері, сондай-ақ ірі тұтынушылар мен машина жасау өнімдерінің жетекші өндірушілері болды.

Форуммен қатар 1–3 сәуір аралығында Kazakhstan Machinery Fair 2026 мамандандырылған көрмесі өтті. Көрме 250-ден астам отандық және шетелдік компанияны біріктіріп, B2B кездесулер мен өндірістік кооперацияны дамытуға тиімді алаңға айналды.

Форумның екі күні бойы панельдік сессиялар мен секциялық отырыстарда машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, роботтандыру мен цифрландыруды енгізу, саланы дамытуға ынталандыру, кадр даярлау, сондай-ақ теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехникалық машина жасау, автокөлік жасау және тау-кен металлургия кешені үшін машина жасау сияқты перспективалы бағыттарды дамыту мәселелері талқыланды.

Форум қорытындысы бойынша қазақстандық өндірушілерді қолдауға және ел ішіндегі құнды арттыруға бағытталған офтейк-келісімшарттар мен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Форумның негізгі сәттері – қорытынды бейнероликте.