05.11.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында Тауарлардың ұлттық каталогына қатысты мәселелер талқыланып, отандық кәсіпорынның өнімі таныстырылды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы қырық бірінші онлайн отырыс өтті.

Кездесу барысында қатысушылар Тауарлардың ұлттық каталогын қолдану және оны Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен (ҚТӨ тізілімі) интеграциялау мәселелерін қарастырды. Осы тақырып бойынша «Электрондық қаржы орталығы» АҚ жетекші сарапшысы Ақжол Ишанов баяндама жасады.

Қатысушыларға Тауарлардың ұлттық каталогын қолдану міндетті екені түсіндірілді. ҚТӨ тізілімінде тауарлар пулын қалыптастыру кезінде NTIN кодын көрсету қажет. Бұл ретте әрбір тауарға тек бір ғана осындай код беріледі.

ҚТӨ тізілімін Тауарлардың ұлттық каталогымен интеграциялау өнімді сәйкестендірудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге бағытталған және отандық өндірушілер үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Сонымен қатар спикер Спикер жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті түсіндірмелер берді, кәсіпорындар тарапынан көтерілген Тауарлардың ұлттық каталогын қолдану және оны ҚТӨ тізілімімен интеграциялауға қатысты проблемалық мәселелерге түсініктеме берді.

Сондай-ақ отырыс барысында «SP Jet» ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Сергей Подковыров кәсіпорынның қызметі мен шығаратын өнімдерін таныстырды.

Өскемен қаласында орналасқан компания 2014 жылдан бері австриялық SKF Economos компаниясының технологиясы бойынша гидроабразивті жону әдісімен тығыздағыш элементтер өндіреді. Оның өнімдері гидравликалық, пневматикалық, сорғы және тау-кен жабдықтарына арналған.

2018 жылдан бастап кәсіпорын әртүрлі типтегі гидравликалық және пневматикалық цилиндрлерді дайындау және жөндеу жұмыстарымен де айналысады. Оларды құрастыру мен сынау арнайы стендте жүргізіледі. Бұл дайын өнімнің сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Өндірісте әртүрлі, соның ішінде күрделі пайдалану жағдайларына арналған полиуретандар, эластомерлер және термопласттар сияқты арнайы материалдар қолданылады. Сандық бағдарламалық бақылауы бар станоктарды пайдалану арқылы кәсіпорын диаметрі 600 мм-ге дейінгі тығыздағыштарды 0,01 мм дәлдікпен дайындайды. Жекелеген бұйымдарды өндіру уақыты шамамен бір сағатты құрауы мүмкін.

«SP Jet» ЖШС өнімдері СТ-KZ сертификатына ие және SKF компаниясының зертханаларында сынақтан өткен. Сынақ нәтижелері өнімнің DIN 16873 еуропалық стандартының талаптарына сәйкестігін растады. Кәсіпорын қазақстандық бірқатар өнеркәсіптік компаниялармен, соның ішінде «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Қазцинк-Ремсервис» ЖШС, «KSP Steel» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ және басқа да ұйымдармен ынтымақтасады.

Отырыс барысында таныстырылған шешімдер мен өндірістік мүмкіндіктер отандық құзыреттерді дамытудың, өнеркәсіптік өнімнің қолжетімділігін арттырудың және қазақстандық кәсіпорындар арасындағы кооперациялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын көрсетеді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді. Мұндай кездесулер практикалық ақпарат алмасуға, отандық өндірушілердің өнімдерін таныстыруға және машина жасау саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң қалыптастырады.



«SP Jet» ЖШС презентациясы