05.02.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында ҚТӨ тізілімінің жұмыс істеу мәселелері талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы бесінші онлайн-отырыс өтті. Отырыс барысында Қазақстандық тауар өндірушілер (ҚТӨ) тізілімінің жұмысы мен Тізілімге енгізу үшін өтініш беру кезінде кәсіпорындар тап болатын қиындықтар талқыланды.

Тізілімнің жұмыс барысы туралы ақпаратпен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өндіріс комитетінің электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасы сарапшысы, салалық комиссияның хатшысы ГауҺар Әжібаева, «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова, «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ машина жасауды дамыту дирекциясының басшысының орынбасары Бердібай Балтабаев бөлісті. Сондай-ақ, спикерлер машина жасау саласы кәсіпорындарының сұрақтарына жауап берді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков одақ мүшелері арасында ҚТӨ тізіліміне енгізу кезінде туындайтын мәселелер мен кедергілерді анықтау мақсатында сауалнама жүргізілгенін хабарлады.


«Сауалнама нәтижелері бойынша көптеген өндірушілер өтініш беру және рәсімдерді орындауда қиындықтарға тап болатыны белгілі болды. Көптеген кәсіпорындар Тізілімге енгізілмеген, бұл олардың сатып алуларға қатысу мүмкіндігін фактілі түрде шектейді. Сауалнама жалғасуда, біз Одақтың барлық кәсіпорындарын белсенді қатысуға шақырамыз, осылайша проблемалық мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде қаралып, жедел шешім табады», - деді Талғат Базарбеков.


Бердібай Балтабаевтың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне 1924 кәсіпорын енгізілген. Жалпы 13 мыңнан астам өтініш берілген, оның ішінде 5400 астам кәсіпорын жүйеде авторизациядан өткен.

«Бүгінгі комиссия қарауына сәйкес 440 кәсіпорын мақұлданып, тиісті сертификаттарды алған», - деді Бердібай Балтабаев.


«Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова индустриалдық сертификат негізінде Тізілімге енгізілген компаниялар жайлы толық түсіндірді.


«1924 кәсіпорын индустриалдық сертификат негізінде Тізілімге енгізілген – бұл тауарлар, жұмыстар мен қызметтер. Бұрын 30 қаңтарға дейін мұндай компаниялар Тізілімде қала беретіндігі хабарланған, ал 31 қаңтардан бастап олар автоматты түрде шығарылуы тиіс болатын. Алайда, қазіргі уақытта бұл компаниялар Тізілімде қала беруде», - деді спикер.


Жансая Жақыпованың айтуынша, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған компаниялардың Тізілімде қалу мерзімін ұзарту немесе оларды шығарудың әрі қарайғы тетігін айқындау туралы үкімет аппаратына сұраныс жолдаған. Үкіметтің шешімі жақын арада күтілуде.

Отырыста өтініштерге берілген бас тарту себептері де атап өтілді. Олардың арасында – өтініште көрсетілген тауарлардың технологиялық операция талаптарына сәйкес келмеуі, СЭҚ ТН және ТЖҚ БНА кодтарындағы қателер, сондай-ақ конструкторлық-технологиялық құжаттаманың толық болмауы бар.


«Өтініш беруші өз тауарын нақты анықтап, оны технологиялық операциялар туралы бұйрықпен сәйкестендіруі маңызды. Қазіргі уақытта Qazindustry электрондық қаржы орталығының көмегімен СЭҚ ТН және технологиялық операциялар кодтарының дұрыс көрсетілуі бойынша жүйені жетілдіру үстінде», - деп атап өтті Жансая Жақыпова.


Сонымен қатар, кейбір тауар санаттары бойынша – алынған, өсірілген, ауланған тауарлар, метал сынықтары мен қалдықтар, бағдарламалық қамтамасыз ету – Тізілімге енгізу тетігі қолданыстағы заңнамада қарастырылғаны айтылды. Лицензиялар, рұқсат құжаттары және келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін кәсіпорындар 100 пайыздық тауар өндірушілер ретінде автоматты түрде Тізілімге енгізіледі.

Қазіргі уақытта жұмысқа бес салалық мемлекеттік орган тартылған. Өтініштерді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Қазақстан машина жасаушыларының одағы кәсіпорындардан ұсыныстарды жинауды және жүйелеуді жалғастырып, оларды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жіберетін болады.


«Біздің мақсатымыз – бизнестің нақты мәселелерін реттеуші органға жеткізіп, Тізілім тетіктерінің отандық өндірушілер үшін тиімді әрі ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету», - деп қорытындылады Талғат Базарбеков.