«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы он үшінші онлайн-отырыс өтті. Отырыс барысында Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілім жүйесінің жұмыс істеуінің техникалық мәселелері және жергілікті өндірісті дамыту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Тізілімге енгізілген кәсіпорындарды бағалау тетіктері болды. Бағалау әр үш ай сайын цифрлық деректер негізінде автоматты түрде жүргізіледі, бұл нақты өндірушілерді жедел анықтауға және адал емес компанияларды шығарып тастауға мүмкіндік береді.
Скорингтің негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері жатыр, оның ішінде салық есептілігі, төленген салықтар туралы мәліметтер, жұмыспен қамту деңгейі және қаржы-шаруашылық қызметтің басқа да көрсеткіштері бар. Мұндай тәсіл кәсіпорындардың қызметін әділ бағалауға және нақты өндірістің бар екенін растауға мүмкіндік береді.
«Тізілім енгізілгеннен кейін әр үш ай сайын кәсіпорындарға скоринг жүргізіледі. Оның негізінде кәсіпорындардың қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде әрі қарай болуы туралы шешім қабылданады. Скоринг өндірістік қызметтің бар екенін растайды», - деп атап өтті ҚМЖО Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Денис Свирскийдің айтуынша, скорингтің қағидалары мен әдістері ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бекітілген, ал бағалау жүйесі мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграция негізінде қалыптастырылуда.
Оның айтуынша, жүйе автоматты түрде жұмыс істейді: деректер ҚР Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерінен түседі, содан кейін кәсіпорынның белгіленген критерийлерге сәйкестік деңгейін көрсететін қорытынды балл қалыптасады. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтады және шешім қабылдаудағы субъективті факторларды төмендетеді.
Отырыс аясында «СтальЦинк» ЖШС өндірістік әлеуеті де таныстырылды. 2007 жылы Астанада құрылған компания металл конструкцияларын өндіру және ыстық мырыштау бойынша толық циклді жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын болып табылады.
Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыттарына жол қоршауларын, электр беру желілерінің тіректерін, электр энергетикасына арналған металл конструкцияларын, сондай-ақ антенна-діңгекті құрылыстарды өндіру кіреді. Өндірістік қуаттылығы жылына 32 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді, ал ыстық мырыштау қуаты 20 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорынның басты артықшылығы – өндірістің толықтай Қазақстан аумағында жергіліктендірілгені және отандық шикізатты пайдалануында. Атап айтқанда, Қазмырыш және Qarmet өнімдері қолданылады. Өндіріс коррозиядан қорғау бойынша ГОСТ талаптарын қоса алғанда, мемлекетаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады, бұл өнімдердің қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін қамтамасыз етеді.
Компания сондай-ақ жеке тапсырыстар бойынша жобалық шешімдерді іске асырып, ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағдарланған. Дамыған логистика өнімді автомобиль және теміржол көлігі арқылы жеткізуге мүмкіндік береді.
Отырысқа қатысушылар цифрлық тізілім мен скоринг жүйесін енгізу машина жасау саласын дамытудағы маңызды кезең болатынын атап өтті. Жаңа тетіктер нарықтың ашықтығын арттыруға, адал өндірушілерді қолдауға және өндірісті жергіліктендіруді ынталандыруға бағытталған.