22.01.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында саланы мемлекеттік қолдау шаралары мен цифрлық шешімдер талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында 2026 жылғы үшінші онлайн-отырыс өтті. Отырысқа өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысты.

Онлайн-отырыс бизнесті мемлекеттік ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру, жергіліктендіруді дамыту және өнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне арналды. Кездесу барысында өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

«Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Аида Алшынбаева бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы баяндады.

«Мемлекеттік ынталандыру шаралары ең алдымен еңбек өнімділігін арттыруға, қызметкерлердің құзыреттерін дамытуға, технологиялық процестерді жетілдіруге және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Бұл құралдар кәсіпорындарға процестерді оңтайландырып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Аида Алшынбаева.

Сарапшы бағдарламаларға қатысушыларға қойылатын талаптарды түсіндірді. Аталған бағдарламаларға басым тауарлар тізбесіне кіретін өнімді өндіретін, мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингтерге және ұлттық компанияларға 50 пайыздан астам тиесілі емес шағын және орта кәсіпорындар қатыса алады. Сондай-ақ міндетті шарттарға қолданыстағы ережелерге сәйкестік, өтінім берілген күнге дейін кемінде бір күнтізбелік жыл бойы қызмет жүзеге асыру, салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болмауы, сондай-ақ алдыңғы жылдардағы салық аударымдарының өсуі жатады.

Сонымен қатар бизнеске қойылатын қарсы міндеттемелер де айтылды. Кәсіпорындар екі жыл ішінде мемлекеттік қолдау көлемімен салыстырғанда өнімді өткізу мен қызмет көрсетуден түсетін табыс көлемін кемінде екі есеге арттыруы тиіс.

Отырыста сондай-ақ Қазақстанда өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарықта ілгерілетуге бағытталған шаралар қаралды. Олардың қатарында халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу, өнімді таңбалауға арналған жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында теміржол көлігімен жеткізу шығындарын өтеу бар.

Өндірісті цифрландыру бойынша практикалық кейсті Sailet компаниясының директоры Максим Беляков ұсынып, машина жасау кәсіпорындарына арналған бақылау және басқарушылық шешімдер қабылдау жүйелері туралы баяндады.

«Біздің компания 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде біз 60-тан астам орта және ірі жобаны іске асырдық. Бизнес-процестерді автоматтандыру клиенттерімізге тиімділікті айтарлықтай арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Біз өлшенетін нәтижеге басымдық береміз», - деп атап өтті Максим Беляков.

Компанияның клиенттері қатарында BI Group, «Қазақстан темір жолы», Дүниежүзілік банк, Lukoil, Kamkor Service және басқа да ұйымдар бар.

Сондай-ақ Максим Беляков компанияның инновацияларға ұмтылу, жеке тәсіл және серіктестік қағидаттарын ұстанатынын атап өтті. Әлеуметтік жауапкершілік аясында 1000-нан астам отбасыға көмек көрсеткен help.sailet.pro қайырымдылық платформасы іске қосылған.

Онлайн-отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған ақпараттың жоғары практикалық маңызын және машина жасау саласы үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен цифрлық шешімдердің өзектілігін атап өтті. Қазақстан машина жасаушыларының одағы кәсіпорындарды қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпараттандыруды, сондай-ақ өндірісте заманауи технологиялық және басқарушылық шешімдерді енгізуге жәрдемдесуді жалғастырады.


«Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ презентациясы