30.07.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында отандық өндірушілердің ЭКСЖ ұлттық жобасына қатысу тетігі түсіндірілді

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ 2026 жылғы жиырма жетінші онлайн-отырысын өткізді. Отырыс барысында сала кәсіпорындарына «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасына отандық өндірушілердің қатысу тетігі, қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен және электрондық сатып алу платформасымен жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді.

«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС жүйелік талдаушысы Дулат Жұмабаев пен «QazIndustry» АҚ Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова қатысушыларға ЭКСЖ ұлттық жобасының электрондық сатып алу платформасы арқылы мердігер ұйымдардың отандық өндірушілерден тауар сатып алу тетігін, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізілімімен жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.

Кездесу барысында СҚҚК-3 кодтарын дұрыс толтыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл әлеуетті жеткізушілер қатарын кеңейтуге және сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыста ұлттық жобаны іске асыру 2029 жылға дейін жоспарланғаны атап өтілді. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген 102 жобаның тізбесі қалыптастырылған. Оның ішінде 90 жоба бойынша отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне қажеттілікке талдау жүргізіліп, 27 жоба бойынша сатып алу рәсімдері басталып, мердігер ұйымдар айқындалған.

Қазақстан машина жасаушыларының одағымен бірлесіп ұлттық жоба шеңберіндегі қажеттілікті қалыптастыру кезінде пайдаланылатын отандық машина жасау кәсіпорындарының өнімдер каталогы әзірленді.

Сондай-ақ QazIndustry өкілі қатысушыларды қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысы және кәсіпорындарды сатып алуға қатыстыру тәртібі туралы хабардар етті. Өндірушілерге электрондық платформада уақтылы тіркеліп, өндірілетін өнім туралы мәліметтерді СҚҚК кодтарын пайдалана отырып дұрыс толтыру қажеттігі атап өтілді. Бұл ұлттық жоба аясындағы сатып алу рәсімдеріне қатысудың негізгі талаптарының бірі болып табылады.

Қатысушыларға сатып алу рәсімдерінің тәртібі де түсіндірілді. Қажеттілік жарияланғаннан кейін әлеуетті жеткізушілер өздерінің баға ұсыныстарын жолдайды, ал жеңімпаз техникалық талаптарға сәйкестік, баға ұсынысы және өнімді жеткізу мерзімі сияқты критерийлердің жиынтығы негізінде айқындалады.

Өткізілген онлайн-отырыс отандық өндірушілердің ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыруға қатысуының тәжірибелік мәселелерін және қолданыстағы сатып алу тетіктерін жан-жақты талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.


ЭКСЖ презентациясы