«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен машина жасау кәсіпорындары қатысуымен 2026 жылғы жиырма бірінші онлайн-отырыс өтті.
Отырыс барысында қатысушылар отандық тауар өндірушілердің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру мәселесін талқылады. Қатысушылар ұлттық жобаны іске асыру кезінде қолданылатын өнім жіктеуіштерін пайдалану және тауарларды тиісті тізбелерге енгізу мәселелерін қарастырды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков ұлттық жобаны іске асыру елдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қомақты инвестициялар тартуды көздейтінін, бұл өз кезегінде ОТӨ үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті басқармасының басшысы Қайрат Өтемісов кеңеске қатысушыларға өнімдерді жіктеу жүйесін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тауарларды жіктеу тәсілдерін өзектендіру және нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Талқылау барысында кәсіпорын өкілдері жаңғырту жобасын іске асыруға өтінім беру кезінде туындайтын тәжірибелік мәселелерді көтерді.
Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан машина жасаушыларының одағы кәсіпорындардың ұсыныстары мен ескертулерін жинақтап, оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп одан әрі пысықтау туралы шешім қабылдады. ЭКСЖ жобаларын іске асыруға қатысуға мүдделі отандық өндірушілердің анықтамалығы қалыптастырылатын болады.
Сондай-ақ отырыс аясында көтергіш шатырлық пішінді қаңылтыр, жаңа буындағы сэндвич-панельдер өндіруге, шатыр материалдарын жеткізуге, шатыр жүйелерін жобалау мен монтаждауға маманданған «Excellence CENV» (RVE Сталь) ЖШС-нің таныстырылымы өтті.
Компанияның техникалық директоры Вячеслав Гаприндашвили кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін таныстырып, жоғары сапа стандарттарына сай өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық жабдықтар мен инженерлік шешімдердің қолданылатынын атап өтті. Компания Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнеркәсіптік кәсіпорындар, логистикалық орталықтар, сауда кешендері және өндірістік алаңдар үшін жобаларды жүзеге асыруда.
Кәсіпорын жүзеге асырған жобалардың қатарында Astana Motors зауыты, Қостанайдағы KIA зауыты, Саран қаласындағы жергіліктендіру орталығы және Астанадағы логистикалық орталық бар. Отырысқа қатысушылар өндірістік кооперацияны одан әрі дамыту, ірі инфрақұрылымдық жобаларға отандық тауар өндірушілердің қатысуын кеңейту және елдің өнеркәсіптік даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.