«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы жиырма сегізінші онлайн-отырыс өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы өнеркәсіптік жабдықтарды мониторингтеуге арналған заманауи цифрлық технологиялар және оларды өндірістік процестердің тиімділігін арттыру мақсатында қолдану мәселелері болды.
«Viraqocha» ЖШС техникалық директоры Павел Пронин қатысушыларға интеллектуалды бергіштер мен жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, жабдықтың техникалық жағдайын интеллектуалды мониторингтеу және болжау жөніндегі шешімді таныстырды. Презентация барысында жүйенің өнеркәсіптік жабдықтың техникалық жай-күйін үздіксіз бақылау, тораптар жұмысындағы ауытқуларды ерте анықтау және апатты жағдайлар туындағанға дейін ықтимал ақауларды болжау мүмкіндіктері қарастырылды.
Ұсынылған шешім интеллектуалды бергіштерді, мониторингтің бағдарламалық платформасын және талдау құралдарын жабдықтың техникалық жағдайын басқарудың бірыңғай жүйесіне біріктіреді. Жүйе нақты уақыт режимінде діріл, температура, акустикалық және басқа да параметрлер туралы деректерді жинауға, оларды жасанды интеллект алгоритмдерінің көмегімен талдауға және техникалық қызмет көрсету бойынша ұсынымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Презентация барысында қозғалтқыштардың, сорғылардың, бәсеңдеткіштердің, компрессорлардың, желдеткіштердің және басқа да өнеркәсіптік жабдықтардың жұмысын бақылауға арналған интеллектуалды бергіштердің әртүрлі түрлері таныстырылды. Сондай-ақ жүйенің сымды да, сымсыз да байланыс арналары арқылы жұмыс істей алатыны, кәсіпорынның қолданыстағы инфрақұрылымына бейімделетіні және өнеркәсіптік ақпараттық жүйелермен біріктіруді қолдайтыны атап өтілді.
Цифрлық технологияларды пайдалану кәсіпорындарға жабдықтардың апаттық тоқтап қалу санын азайтуға, жоспардан тыс жөндеу шығындарын қысқартуға, өндірістік активтердің қызмет ету мерзімін ұзартуға, энергия тұтынуды төмендетуге және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыстың ұйымдастырушылық бөлігінде өңірлік өкілдер Қазақстан машина жасаушыларының одағы жүргізіп жатқан Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы хабардар етілді. Қазіргі уақытта Тізілімді жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пысықталуда. Олар шағымдарды қарау тәртібін жетілдіруді, сарапшылардың жауапкершілігін арттыруды және отандық тауар өндірушілерді Тізілімге енгізу үшін берілетін сараптамалық қорытындыларды рәсімдеу тәртібін жетілдіруді көздейді.
Сонымен қатар қатысушыларға 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған халықаралық салалық іс-шаралар туралы ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, BI-MU 2026 (қазан, Италия), Asia Machinery & Manufacturing Expo Korea (қазан, Корея Республикасы), Mining & Metals Uzbekistan 2026 (қазан, Өзбекстан), Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің халықаралық машина жасау форумы (қараша, Австрия), сондай-ақ BAUMA CHINA 2026 (қараша, Қытай) көрмелері таныстырылды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы аталған іс-шараларға қатысуға қызығушылық білдірген кәсіпорындардың тізімін қалыптастыруда және әуе қатынасы, орналастыру мен логистикалық сүйемелдеу мәселелерін қоса алғанда, іскерлік сапарларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын.