15.10.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өнеркәсіптің ең үздік қолжетімді техникалар қағидаттарына көшу мәселесі талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз сегізінші онлайн отырыс өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Қазақстан Республикасының өнеркәсібін ең үздік қолжетімді техникалар (ҮҚТ) қағидаттарына көшіру мәселесі болды.

Отырыс спикері ретінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының Ең үздік қолжетімді техникалар бюросы сараптамалық бағалау басқармасының басшысы Салтанат Әлмұрзаева сөз сөйледі.

Отырыс барысында қатысушыларға кәсіпорындарды ҮҚТ қағидаттарына көшірудің негізгі талаптары мен кезеңдері таныстырылды. Бұл қағидаттар қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алуға және оны азайтуға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өндірістің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.

ҮҚТ қағидаттарына көшу бірнеше дәйекті кезеңнен тұрады. Олардың қатарында кешенді технологиялық аудит жүргізу, ҮҚТ жөніндегі салалық анықтамалықтарды әзірлеу және заңнамада көзделген жағдайларда кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алу бар.

Кешенді технологиялық аудит кәсіпорынның қазіргі жағдайын, қолданылатын технологияларды және олардың ҮҚТ қағидаттарына сәйкестігін бағалауға, сондай-ақ неғұрлым тиімді шешімдерді енгізу әлеуетін анықтауға мүмкіндік береді. Салтанат Әлмұрзаева атап өткендей, аудит мемлекеттік бақылау құралы болып табылмайды, ал оның барысында алынған ақпарат объект операторына әкімшілік санкциялар қолдану үшін пайдаланылмайды.

Спикердің мәліметінше, кешенді технологиялық аудиттен 140-тан астам кәсіпорын өткен. Оның нәтижелері негізінде ҮҚТ жөніндегі 24 анықтамалық әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен бекітілген.

Кешенді экологиялық рұқсат алуға қатысты экологиялық заңнама талаптарына да ерекше назар аударылды. Кәсіпорындар үшін ҮҚТ қағидаттарына көшу экологиялық талаптарды сақтаумен ғана шектелмейді. Бұл ресурстар тұтынуды азайтуға, өндірістік процестерді жетілдіруге және нарықтағы позицияларын нығайтуға да мүмкіндік береді.

Талқылау барысында Одақ мүшелері ҮҚТ енгізудің негізгі тәсілдерімен және өндірістік қуаттарды жаңғыртуды жоспарлау кезінде ескерілуі қажет талаптармен танысты.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы саланы реттеудегі өзгерістер мен өнеркәсіпті дамытудың өзекті мәселелері туралы кәсіпорындарды хабардар ету мақсатында бейінді ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізуді жалғастыруда.


ҮҚТ презентациясы