29.01.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы төртінші онлайн-отырыс өтті. Отырыс өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы, Индустрия 4.0 технологияларын және жасанды интеллектті өндірістік процестерге енгізу мәселелеріне арналды.

Аталған тақырып бойынша баяндама жасаған «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Цифрлық трансформация дирекциясының өкілі Айнұр Ахтанова цифрландыру Қазақстан экономикасын дамытудың стратегиялық басымдығы екенін және Мемлекет басшысы қойған міндеттермен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу экономиканы және өмірдің барлық салаларын жаңғыртудың негізі болуы тиіс екенін атап өткен», - деді Айнұр Ахтанова.

Баяндама барысында Qazindustry орталығының 2025 жылғы цифрландыру саласындағы жұмысының қорытындылары ұсынылды. Атап айтқанда, технологиялық даму бойынша ұсынымдар әзірлеу аясында 180 кәсіпорында технологиялық аудит жүргізіліп, цифрлық трансформация бойынша 23 ұсыным дайындалған.

Модельдік цифрлық фабрикаларды (МЦФ) енгізу жобасына ерекше назар аударылды. 2018–2024 жылдар аралығында 7 модельдік цифрлық фабрика анықталып, 49 цифрлық жоба бойынша жол карталары әзірленді. Олардың 31-і жүзеге асырылып, бұл 63 пайызды құрады. Сонымен қатар жобаға қатысу үшін қосымша 4 кәсіпорын іріктелді.

Есепті кезеңде цифрлық шешімдер бойынша 14 вебинар өткізіліп, оларға 240-тан астам өнеркәсіп кәсіпорнының өкілдері қатысты.

Отырыс аясында модельдік цифрлық фабрика – бұл еңбек өнімділігін арттыру, шығындар мен ақауларды азайту, сондай-ақ өндірістік процестердің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Индустрия 4.0 элементтері мен цифрлық технологияларды енгізетін кәсіпорын екені түсіндірілді. 2026 жылы аталған жобаға 7 кәсіпорын қатысуда.

Айнұр Ахтанова модельдік цифрлық фабрика жобасына қатысу кәсіпорындарға технологиялық, экономикалық және имидждік артықшылықтар беретінін атап өтті.

«Модельдік цифрлық фабрикалар үздік IT-компаниялармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болып, MES, ERP, IoT және басқа да Индустрия 4.0 шешімдерін енгізу барысында қолдау алады, сондай-ақ өздерінің табысты тәжірибесін мемлекеттік және салалық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік алады», - деді сарапшы.

Онлайн-отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар талқыланған мәселелердің өзектілігін және ұсынылған цифрлық трансформация құралдарының жоғары практикалық маңыздылығын атап өтті. Қазақстан машина жасаушыларының одағы сала кәсіпорындарын цифрландыру мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге жәрдемдесу жұмыстарын жалғастырады.


«Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ презентациясы