«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз тоғызыншы онлайн отырыс өтті.
Отырыста өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктері, сондай-ақ сапа менеджменті жүйелерін енгізудің практикалық тәжірибесі талқыланды.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының бас сарапшысы Ясинхан Сайлауқызы баяндады.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, кәсіпорындар екі бағыт бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуге үміткер бола алады: еңбек өнімділігін арттыру және қазақстандық өнімдерді, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету.
Еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша жекелеген іс-шараларға жұмсалған шығындардың 40%-ына дейін өтеу қарастырылған. Олардың қатарында қызметкерлердің біліктілігін арттыру, өндірістік және басқару технологияларын енгізу, технологиялық және цифрлық жабдықтарды сатып алу бар.
Отандық өнімдерді ішкі нарықта ілгерілету бағыты бойынша көзделген шараларға, соның ішінде халықаралық сертификаттаудан өтуге жұмсалған шығындардың 50%-ына дейін өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау алу үшін кәсіпорындар шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатуы, Басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнімдерді өндіруі, кемінде бір жыл қызмет атқаруы және Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде тіркелуі тиіс. Сонымен қатар салықтар мен міндетті төлемдер бойынша берешек болмауы және өтінім берушіге қолданылатын жағдайларда салық аударымдарының динамикасына қойылатын талаптар сақталуы қажет. Кәсіпорындардың жекелеген санаттары үшін ерекшеліктер мен қосымша шарттар көзделген.
Өтінімдер qazindustry.gov.kz порталы арқылы қабылданады. Оларды қарау мерзімі еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша 14 жұмыс күнін, ал отандық өнімдерді ішкі нарықта ілгерілету бағыты бойынша 8 жұмыс күнін құрайды.
Халықаралық сертификаттаудан өту тәжірибесімен «Karlskrona LC AB» ЖШС сапа жөніндегі директоры Шахноза Қазақпаева бөлісті. Кәсіпорын мысалында ISO 9001, ISO 14001, ISO 45001, API Spec Q1 және API 610 стандарттарын қоса алғанда, менеджмент жүйелері мен салалық стандарттарды енгізу ерекшеліктері қарастырылды.
Талқылау барысында халықаралық сертификаттау кәсіпорындарға өндірістік процестерді жүйелеуге, өнімнің тапсырыс берушілер талаптарына сәйкестігін растауға және ірі өнеркәсіптік компаниялармен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектесетіні атап өтілді. Сонымен қатар сертификаттауға дайындық қолданыстағы процестерді бағалауды, тапсырыс берушілердің талаптарын айқындауды, құжаттаманы әзірлеуді және өндірістің қажетті техникалық дайындық деңгейін қамтамасыз етуді талап етеді.
Сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. QazIndustry қолдау шаралары аясында өнімдерді ішкі нарықта ілгерілету үшін халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеудің шекті мөлшері 15 000 АЕК-ке дейін жетеді. Экспорттаушылар үшін QazTrade арқылы да жекелеген қолдау құралдары қарастырылған.
Отырысқа қатысушылар қолжетімді мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат алып, сертификаттау мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты практикалық мәселелерді шешу тәжірибелерімен алмасты.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы сала қатысушыларын мемлекеттік қолдау шаралары мен отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру мақсатында бейінді ұйымдармен және кәсіпорындармен өзара іс-қимылды жалғастыруда.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ презентациясы