12.02.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында Ұлттық тауарлар каталогын енгізу мәселесі талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер, машина жасау кәсіпорындары мен салалық серіктестер қатысуымен 2026 жылғы алтыншы онлайн-отырыс өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізу және оның жұмыс істеу тетіктері болды.

Тақырып бойынша ҰТК жобасының жетекшісі, «Қазақтелеком» АҚ өкілі Арайлым Нұртаева баяндама жасады.

Ұлттық тауарлар каталогы – ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен «Электрондық қаржы орталығы» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп әзірлеген ауқымды мемлекеттік жоба. Ол бөлшек және көтерме саудада қолданылатын тауар деректерін стандарттау және біріздендіру мақсатында құрылған. ҰТК-ны қолдану тауарларды сәйкестендірудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға, онлайн-кассалар арқылы фискалдық деректер операторна (ФДО) берілетін деректердің сапасы мен толықтығын арттыруға, кассалық және тауарлық есепке алу бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерінде номенклатурамен жұмысты жеңілдетуге, сондай-ақ сауда саласының ашықтығын арттыруға бағытталған.

2026 жылғы қаңтар айынан бастап ҰТК тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жүйеде шамамен 16 млн тауар тіркелген.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық тауарлар каталогын қолдану міндетті болды. Сонымен қатар, бизнестің алаңдаушылығын төмендету және мемлекеттік деректер базасын тестілеуді аяқтау мақсатында әкімшілік жауапкершілік уақытша қолданылмайды. 2026 жылғы 1 шілдеге дейін электрондық шот-фактураларда (ЭШФ) ҰТК өрісіндегі қателер ЭШФ қабылдаудан бас тартуға негіз болмайды және ҚҚС есепке алуға кедергі келтірмейді. 2026 жылғы 1 наурызға дейін импорттаушылар мен отандық өндірушілер өздерінің тауарлық позицияларын бірінші кезекте цифрландыруы тиіс.

Каталогта әрбір тауарға NTIN бірегей коды беріледі, ол іс жүзінде «өнім паспортына» айналады. Дана және сериялы тауарлар міндетті түрде тіркелуге жатады. ҰТК коды көрсетілмеген жағдайда электрондық шот-фактураны рәсімдеу мүмкін болмайды.

Тауар карточкаларын модерациялау мерзімі кезек бойынша үш жұмыс күнге дейін созылады. Отырыс барысында кейбір тауар карточкаларының қайталану фактілері анықталғаны айтылды. Спикердің түсіндіруінше, негізгі карточкалар айқындалған, алайда қайталанатын карточкаларды жою қолданыстағы регламентпен көзделмеген. Отандық тауар өндірушілерге каталогтағы мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып отыру ұсынылды.

Айта кету керек, 2025 жылғы желтоқсанда ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және «Атамекен» ҰКП арасында нарық пен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дайындығын ескере отырып, ҰТК талаптарын кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін меморандумға қол қойылды. Өтпелі кезең импорттаушыларды, отандық тауар өндірушілерді, сауда желілерін, сондай-ақ шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде «үй жанындағы дүкендерді» қамтиды.

Осылайша, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін электрондық шот-фактураларда ҰТК өрісіндегі қателер ЭШФ қабылдаудан бас тартуға негіз болмайды және ҚҚС есепке алуға кедергі келтірмейді. Бұл бизнеске салықтық санкциялар тәуекелінсіз жұмыс істеуге және деректерді түзетуге мүмкіндік береді.

ҰТК-ның толық міндетті жұмысы 2026 жылғы шілдеден басталады.

Талқылау барысында қатысушылар өтпелі кезеңде машина жасау кәсіпорындарын ақпараттық және әдістемелік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Ұлттық тауарлар каталогын енгізу барысын бақылауды және оны жетілдіру мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастырады.