Астанада «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқармасының отырысы онлайн форматта өтті. Оның аясында Одақтың ішкі қызметін жетілдіру, өңірлік кәсіпорындармен өзара іс-қимылды дамыту және сала қатысушыларын қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан Одақ Басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев өңірлердің Одақ жұмысына тартылуын күшейтудің және саланы қолдау құралдарын жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс барысында Басқарма мүшелері Одақтың 2025 жылғы бюджетінің орындалуы, өңірлік өкілдер туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ өңірлік өкілдердің жаңартылған құрамын бекіту мәселелерін қарады.
Өңірлік өкілдер институтын жетілдіруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға, кәсіпорындармен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін күшейтуге, сондай-ақ жұмыс нәтижелерін мониторингтеудің қосымша құралдарын енгізуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Құжатты өзектендіру мақсатында Одақтың Атқарушы дирекциясы қолданыстағы тәжірибеге жүйелі талдау жүргізіп, Ереженің жаңартылған редакциясын әзірледі.
Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде Одақтың өңірлік өкілдерінің жаңартылған дербес құрамын бекіту қаралды. Басқарманың қарауына 21 кандидатура ұсынылды, олардың 11-і – өкілеттіктерін растаған қазіргі өкілдер, ал 10-ы – алғаш рет ұсынылған жаңа үміткерлер. Барлық үміткерлер Ереже талаптарына сәйкес келеді және елдің барлық өңірлерін қамтиды.
Мұнай-газ және машина жасау секторларында әлеуеті жоғары Қазақстанның батыс өңірлеріндегі өкілдікті күшейтуге ерекше назар аударылды. Үміткерлердің басым бөлігі – сала кәсіпорындарының бас директорлары, директорлары және басқарма төрағалары.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Одақ қатысушыларын қолдау тетіктерін жетілдіру тәсілдерін талқылау болды.
Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков атап өткендей, қабылданып жатқан шешімдер ішкі үдерістердің ашықтығын арттыруға, машина жасау саласы кәсіпорындарымен өзара байланысты нығайтуға және бизнестің салалық кооперацияны дамытуға қатысуын ынталандыруға бағытталған.