11.12.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 47-ші отырыс өтті

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 47-ші онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында өнеркәсіпті цифрландырудың өзекті мәселелері және отандық кәсіпорындардың ірі индустриялық жобаларды іске асыруға қатысуы талқыланды.

Отырыс аясында «ПЛМ Урал» компаниялар тобының коммерциялық директоры Рустам Валиуллин өнеркәсіптік өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі құралы болып табылатын инженерлік CAE – инженерлік есептеулерді компьютерлік қолдау технологияларын қолдану тақырыбында баяндама жасады.

«ПЛМ Урал» компаниялар тобы – 1993 жылдан бері жұмыс істейтін инженерлік бағдарламалық қамтамасыз ету нарығындағы жетекші IT-компаниялардың бірі. Компания CAD/CAM/CAE/CAI/PDM/MES/QMS сияқты кешенді шешімдерді енгізуге маманданған, олар бұйымның өмірлік циклының барлық кезеңдерінде толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Спикердің айтуынша, компанияның басты мақсаты – озық цифрлық технологияларды өнеркәсіптік кәсіпорындарға трансферттеу. «ПЛМ Урал» мамандары цифрлық егіздер, жүйелік инжиниринг, сызбасыз жобалау және Индустрия 4.0 элементтері сияқты заманауи цифрлық өндіріс тұжырымдамаларын белсенді түрде дамытып, енгізіп келеді.

Компания жылдар бойы кәсіпорындарға виртуалды сынақтар арқылы жасалатын бұйымдардың сапасын 10 есеге дейін арттыруға көмектесті. Сондай-ақ конструкторлық нұсқаларды цифрлық ортада көбірек пысықтау есебінен жобалау мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, өнімді нарыққа 2–3 есе жылдам шығару арқылы табыстың өсуіне ықпал етті.

Сондай-ақ отырыста «Silleno» ЖШС материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің полимерлеу жөніндегі директордың орынбасары Ардақ Арыспаев еліміздегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі – полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің (ІІ фаза) құрылысы туралы ақпарат берді.

«Silleno» ЖШС – жоба операторы және құрылысы жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы. Кешен Атырау облысындағы «Қарабатан» өндірістік аймағында салынуда.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыс өңірде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда және елдің өңдеу өнеркәсібі тарихындағы ең ірі жобалардың бірі болып табылады.

Жобаның өндірістік қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен, этан бойынша – шамамен жылына 1,6 млн тоннаны құрайды. Жобаны іске асыру кезеңі: 2022–2029 жылдар.

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның полимерлік өнім импортына тәуелділігін төмендету, жергілікті өндірісті дамыту және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құру. Жоба жоғары маржиналды өнім экспортын арттыруға, шикізатты қайта өңдеу тізбегін қалыптастыруға, жергілікті сатып алулар механизмі арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға, отандық машина жасау және сервис компанияларын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қатысушылар ұсынылған жобалардың машина жасау саласын дамытудағы, индустриялық өсудегі, цифрлық трансформацияны ілгерілетудегі және жеріліктендіруді кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті. Қазақстан машина жасаушыларының одағы кооперацияны дамыту, инновацияларды ілгерілету және отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша жұмысын жалғастырады.


«ПЛМ Урал» компаниялар тобы презентациясы