20.11.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 44-ші отырыс өтті

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 44-ші онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қазақстандық компанияларды шетел нарықтарына ілгерілету, сондай-ақ өндірістік технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов отырысты аша отырып, Italy 4 Trade International итальяндық қауымдастығының қызметін атап өтті. Аталған қауымдастық итальяндық компаниялардың шетел нарықтарына шығуына жәрдемдеседі, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың Италия нарығына шығуын қолдайды.

Қауымдастық директоры Лилиана Урсу және бизнес-серіктес Алессандро Оризио екі ел кәсіпорындары арасындағы кооперация мүмкіндіктерін таныстырды.

Қауымдастық ұсынған ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

  • технологиялар, өндірістік желілер, автоматтандыру, роботтандыру және шикізатты қайта өңдеу салаларында қазақстандық кәсіпорындардың сұраныстары бойынша өзара тиімді әріптестікті дамыту;
  • Қазақстанда стратегиялық өнеркәсіптік жобаларды іске асыру үшін жабдық, технология және шикізат өндіретін алдыңғы қатарлы итальяндық өндірушілерді іріктеу;
  • итальяндық компаниялармен бірлесіп ZES Kazakhstan кластерлерін құру;
  • мамандар даярлау үшін ITALY4Kazakhstan Academy ашу;
  • Қазақстан мен Италияда B2B іс-шаралар мен бизнес-матчингтерді ұйымдастыру;
  • Made with Italy, Made with Kazakhstan, Made in Kazakhstan with Italy брендтері бойынша жобаларды әзірлеу.
  • 2026 жылы Миланда Buying Trade Office Milano ашылып, экспортқа шығуға дайын қазақстандық компаниялардың қатысуымен бизнес-хаб құру.

Сонымен қатар, қауымдастық өкілдері қазақстандық кәсіпорындарды BI-MU 2026 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. Көрме инновациялық технологиялар, өндірістік автоматтандыру, цифрлық өндіріс, аддитивті технологиялар, робототехника, метрология және мехатроникаға арналады. Іс-шара 2026 жылдың 13–16 қазанында Миланда өтеді.

Сондай-ақ отырыс барысында «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов компанияның қызмет бағыттары мен өнімдерін таныстырды.

Кәсіпорын электрохимиялық қорғаныс (ЭХҚ) бойынша шешімдердің ең ірі өндірушісі болып табылады және өзі өндіретін және дилерлік желідегі 3000-нан астам өнім ұсынады. Компанияда 80-нен астам маман жұмыс істейді.

Компания қызметінің негізгі бағыттарына ЭХҚ арналған материалдар мен жабдықтарды өндіру, құрылыс-монтаж және іске қосу-баптау жұмыстары, жобалау және іздестіру, гидро және пневмосынақтар, ЭХҚ мобильді зертханалары, техногендік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату кіреді.

Компания клиенттері арасында – ҚазМұнайГаз, Ембімұнайгаз, QazaqGaz, ERG, ҚазТрансОйл және басқа да ірі компаниялар бар.

Сондай-ақ Renaissance SHIK К.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ және М.О. Әуезов атындағы ОҚУ-мен ынтымақтасады. Аталған жоғары оқу орындарының базасында қазақстандық өндірістің жабдықтарымен толық жабдықталған ЭХҚ бірлескен зертханалары ашылған.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмысты жалғастырады, отандық кәсіпорындарды жаһандық өндірістік-технологиялық тізбектерге тартуды көздейді.


«Italy 4 Trade International» қауымдастығының презентациясы

«Renaissance SHIK» ЖШС презентациясы