13.11.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 43-ші отырыс өтті

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 43-ші онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында өндірісті жергіліктендіру және отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету мәселелері талқыланды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков отырысты аша отырып, машина жасау саласын жандандырудың негізгі бағыттарының бірі еңбек өнімділігін арттыру екенін және бұл мақсатқа өнеркәсіптік роботтандыруды енгізу арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті.

«Соңғы жылдары Қазақстанда цифрландыру және роботтандырылған кешендерді енгізу үдерісі белсенді түрде жүріп келеді. Дегенмен, халықаралық өлшемдерге сәйкес автоматтандыру деңгейі әлі де төмен – 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі 10 мың қызметкерге 9 өнеркәсіптік роботтан келеді. Негізгі кедергілердің қатарында жабдықтардың қымбаттығы мен робототехника және автоматтандыру саласында білікті мамандардың тапшылығы бар», - деді ол.

Талғат Базарбековтың айтуынша, робототехникалық кешендерді енгізу болашақта еңбек өнімділігін арттыруға, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда интеграторлар пайда бола бастады, пилоттық жобалар жүзеге асырылуда, нормативтік және білім беру базасы қалыптасып келеді, жасанды интеллект элементтері белсенді түрде енгізілуде.

Сонымен қатар, бұл бағытта ресейлік компаниялармен ынтымақтастық орнатылған. 21–24 қазан аралығында Свердлов облысы делегациясының Астанаға сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша сапары барысында «Нова-инжиниринг» ЖШҚ-ның таныстырылымын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

«Нова-инжиниринг» ЖШҚ жобалық кеңсесінің жетекшісі Равиль Мұхаметов тақырыпты жалғастыра отырып, жоғары технологиялық өнім өндірісіндегі өнеркәсіптік роботтардың қолданылуы туралы баяндады.

«Нова-инжиниринг» компаниясы – өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін және енгізетін ресейлік ІТ-интегратор. Компания 10 жылдан астам уақыт бойы өнеркәсіпті цифрландыру және инженерлік шешімдер саласында табысты жобаларды іске асырып келеді. 2022 жылы компания Қазақстанда (Алматы қ.) филиал ашып, қазіргі таңда «Карлскрона», Назарбаев Университеті, SoftLine, ERG Service, «ҚазТрансОйл» және басқа да кәсіпорындарда жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Равиль Мұхаметов компанияның негізгі артықшылықтарына терең инженерлік сараптама, нақты өндірістік жағдайларға бейімделген жобалау, технологиялық үдерістерді оңтайландыру және тәжірибелік тиімділігі бар инновацияларды енгізуді жатқызды.

Отырыс барысында сондай-ақ «Силумин-Восток» ЖШС даму жөніндегі директоры Наталья Макридина компанияның қызметі мен өнім түрлері туралы таныстырылым жасады.

Өскемен қаласында орналасқан «Силумин-Восток» өндірістік-инжинирингтік компаниясы – өнеркәсіптік автоматтандыру, электрмен жабдықтау және кешенді инжиниринг саласында Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания Schneider Electric, SIEMENS, Rockwell Automation, Danfoss және басқа да әлемдік жабдық өндірушілермен әріптестік орнатып, жобаларды жобалаудан бастап жеткізуге, монтаждауға және сервистік қызмет көрсетуге дейін толық цикл бойынша іске асырады.

Отырыс аясында Одақ мүшелерінің ірі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларға қатысу мәселесі де қаралды. Одақтың атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиев Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Василий Лавреновпен өткен кездесудің нәтижелері туралы баяндады. Кездесуде Алматы облысы Үлкен ауылында салынатын АЭС жобасын іске асыруға отандық кәсіпорындардың қатысуы талқыланды.

«Қазіргі уақытта жоба бойынша жобалық жұмыстар жүргізілуде. Оның іске асырылу барысында Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен оның мүшелері кіретін жұмыс тобы құрылатын болады», - деп атап өтті Махамбет Мендіғалиев.

Отырыс соңында қатысушылар отандық және шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейтуге, кооперацияны дамытуға және өндірістік процестерге заманауи технологияларды енгізуге дайын екендіктерін білдірді.



«Нова-инжиниринг» ЖШҚ презентациясы

«Силумин-Восток» ЖШС презентациясы