«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 42-ші онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында өндірісті жергіліктендіру және отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету мәселелері қаралды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Сатып алу департаментінің менеджері Алмат Ибраев жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру және импортты алмастыру саясаты бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
2018 жылдан бастап Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобында іске асырылып келе жатқан импортты алмастыру бағдарламасы ұлттық экономиканы дамытуға, жаңа өндірістерді ашуға және қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталған. Бағдарлама бизнеске қолдау көрсетудің, ШОБ-ты дамытудың және елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудың негізгі құралдарының бірі болып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесі 60%-ға, ал оффтейк-шарттар көлемі 10%-ға дейін жеткізілуі тиіс.
2019 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ базасында компания қажеттіліктерін жүйелі түрде талдайтын, импорттық тауарлардың тізімін қалыптастыратын және отандық жеткізушілермен өзара іс-қимыл жасайтын жергілікті жобалық кеңсе жұмыс істейді.
Қазақстан машина жасаушыларыеың одағына мүше кәсіпорындармен бірлесіп өндірісті жергіліктендіру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
«Осы бірлескен жұмыс нәтижесінде «Машзавод» ЖШС, «Уральскагрореммаш» АҚ, «Электрод СК» ЖШС, «NGVision» ЖШС сияқты отандық өндірушілермен тиімді өзара іс-қимыл мен үйлестіру жолға қойылды», - деп атап өтті Алмат Ибраев.
Спикердің айтуынша, 2019–2025 жылдар аралығында Одаққа мүше кәсіпорындармен жалпы сомасы 36 млрд теңгеге оффтейк-шарттар жасалды.
Айта кету керек, бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады. Қараша айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері импортты алмастыру бағдарламасына қатысуға өтінім берген Одаққа мүше кәсіпорындарға барып, олардың өндірістік қуатымен танысып, жергіліктендіру әлеуетін талдау жоспарлануда.
Сондай-ақ отырыс барысында «Келет» АҚ вице-президенті Александр Папп компанияның қызметі, өнім түрлері және одан әрі даму жоспарлары туралы баяндама жасады.
«Келет» АҚ – автоматты көпсорғылы станциялар, сумен жабдықтау жүйелері, желдету және энергетикалық жабдықтар өндіруге маманданған Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі.
Кәсіпорынның жылдық өнім айналымы 5,3 млрд теңге, сатылым көлемі – 11,4 млрд теңге. Орташа жұмысшылар саны – 247 адам. Бюджетке түсетін төлемдер көлемі 1 544 млн теңгені құрайды.
Өз өндірісінен бөлек, «КЕЛЕТ» АҚ Ресей мен ТМД елдерінің, Қытай, Италия, Германия және Венгрияның үздік өндірушілерінен сорғылық, желдеткіш, жылыту, энергетикалық жабдықтарды, электрқозғалтқыштар мен компрессорларды жеткізеді.
Ішкі кооперацияны дамыту шеңберінде Александр Папп Қазақстан машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындарға «Келет» АҚ өнімдері мен қызметтеріне 10% жеңілдік ұсынды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы директоры Талғат Базарбеков мұндай кездесулер кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Осындай таныстырылымдар Одақ мүшелерінің бір-бірін жақсырақ тануына, тәжірибе алмасуына және отандық өнімді өндіру мен ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктерін табуына жағдай жасайды», - деп атап өтті ол.
Отырыс тәжірибе алмасу, ортақ шешімдер қабылдау және өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту алаңына айналды. Бұл өз кезегінде отандық машина жасау саласының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.