30.10.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 41-ші отырыс өтті

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 41-ші онлайн-отырыс өтті. Кездесу барысында қосарлы оқытуды енгізу мәселелері және машина жасау кәсіпорындарының жаңа өндірістік шешімдері қаралды.

«СТ «ЭСЭМБЛИ» ЖШС HR директоры Лейла Құрманова қосарлы оқытудың кәсіпорында іске асырылу тәжірибесі туралы айтып өтті.

«СТ «ЭСЭМБЛИ» ЖШС – CLAAS және HORSCH брендтерімен астық жинайтын комбайндар, шөп шабатын машиналар, тракторлар мен егіс кешендерін шығаратын бірлескен неміс-қазақ кәсіпорны. Компания Германияның табысты қосарлы оқыту үлгісін Қазақстан жағдайына бейімдеді.

«Бүгінгі таңда жастардың машина жасау мен ауыл шаруашылығындағы жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы төмен, ал колледж түлектері нақты өндірістік ортаға әрдайым дайын емес. Біз слесарлық-механикалық құрастыру жұмыстарында мамандардың жетіспеушілігін сезіндік және кадрларды өзіміз дайындау қажеттігін түсіндік. Сондықтан студенттер кәсіби дағдыларды нақты өндіріс жағдайында меңгеруі үшін қосарлы оқыту жүйесін енгіздік», – деді Лейла Құрманова.

Бағдарламаға кадрлық қажеттілік пен серіктес колледжді таңдау, жаттықтырушы мен тәлімгерлерді даярлау, кәсіби бағдар, студенттерді іріктеу және үшжақты келісімшарттар жасау кіреді. Кәсіпорында болашақ мамандарға шәкіртақы, тамақтандыру, қорғаныс құралдары және сақтандыру қарастырылған.

Спикердің айтуынша, жобаның табысты болуындағы басты фактор – колледждердің қызығушылығы мен белсенді қатысуы.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов атап өткендей, «СТ «ЭСЭМБЛИ» ЖШС қосарлы білім беруді дамытуда Одақтың белсенді серіктестерінің бірі болып табылады:

«Қазір машина жасау саласына қатысты заң жобасы талқылануда, оның жекелеген нормалары қосарлы оқытуға арналған. Одақ бұл бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеді», – деді ол.

Сонымен қатар, отырыс барысында «Азиякотломаш» ЖШС директорының орынбасары Асқар Нұрмағанбетов кәсіпорынды таныстырып, өндірілетін өнім мен өндірістік мүмкіндіктер туралы баяндады.

Щучинск қаласында орналасқан «Азиякотломаш» – Қазақстандағы қазандық жабдықтарының жетекші өндірушісі. Кәсіпорын бу және су жылытқыш қазандықтармен қатар, әртүрлі қуаттағы көмекші қазандық модульдері мен жабдықтарын шығарады.

«Біздің мақсат – отандық өндірісті дамыту арқылы кәсіпорындар мен қалаларды сенімді жылу энергиясымен қамтамасыз ету және Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін қолдау», – деді Асқар Нұрмағанбетов.

Отырыс тәжірибе алмасуға және қазақстандық өндірушілердің әлеуетін арттыруға, кадрлық базаны дамытуға және машина жасау саласының тиімділігін көтеруге бағытталған бірлескен шешімдер қабылдау алаңына айналды.


«СТ «ЭСЭМБЛИ» ЖШС презентациясы

«Азиякотломаш» ЖШС презентациясы