«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 39-шы отырыс өтті. Онлайн-кездесуде өнеркәсіпті цифрландыру мен экологиялық жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланды.
ҚР Қаржы министрлігі «Электрондық қаржы орталығы» АҚ департаментінің директоры Наурызхан Молдыбаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары Дәулет Утенов және «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС «Ұлттық тауарлар каталогы» жобасының жетекшісі Арайлым Нұртаева «Ұлттық тауарлар каталогы» мемлекеттік деректер базасын енгізу барысын таныстырды.
Спикерлердің айтуынша, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік сатып алу, кеден, электрондық шот-фактура, таңбалау және статистика салаларында әртүрлі анықтамалықтар мен каталогтар қолданылады. Бұл деректердің қайталануына, сәйкессіздікке және тауарлар мен қызметтердің есебі мен қадағалауындағы қиындықтарға алып келеді.
Ұлттық тауарлар каталогын құру бірыңғай деректер эталонын қалыптастырып, тауарларды GTIN/NTIN бірегей кодтары арқылы сауда, кеден және мемлекеттік сатып алу процестерінде өтпелі сәйкестендіруді қамтамасыз етуі тиіс.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап каталогта тауарларды тіркеу барлық өндірушілер мен импорттаушылар үшін міндетті болады. Тиісті заңға қол қойылып, енгізу бойынша жол картасы әзірленген.
Жүйе негізгі мемлекеттік және коммерциялық платформалармен біріктіріледі. Бұл бизнеске тауар карточкаларын автоматты түрде жаңартуға, сатып алуларға қатысуға және мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді.
Цифрлық шешімдерден басқа, экологиялық тұрақтылық пен озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінді.
«Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығы» КЕАҚ жасыл технологиялар департаментінің директоры Айман Есекина және НДТ анықтамалықтар басқармасының бас менеджері Айбек Қадырбай Қазақстан өнеркәсібін ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшіру мәселесін таныстырды.
ОҚТ енгізу кәсіпорындарға шығарындыларды азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға, өндірістік процестерді жаңғыртуға және эмиссия үшін экологиялық төлемдерден босатылуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда елдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында 100-ден астам кешенді технологиялық аудит жүргізілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттің, бизнестің және ғылыми қауымдастықтың бірлескен іс-қимылы отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инновацияларды дамытуға және елдің тұрақты өнеркәсіптік экожүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Ұлттық тауарлар каталогы» мемлекеттік деректер базасы презентациясы
«Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту халықаралық орталығы» КЕАҚ презентациясы