«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 38-шы отырыс өтті.
Кездесу барысында «ЭнКо» ЖШС-нің даму жөніндегі менеджері және маркетинг бөлімінің басшысы Сергей Сапронов компанияның қызметімен таныстырып, отандық машина жасау кәсіпорындарымен ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндады.
1996 жылы құрылған «ЭнКо» ЖШС бүгінде Алматы және Астана қалаларында екі зауыты мен қоймалық нысандары бар ірі өнеркәсіптік кәсіпорын болып табылады. Компанияның негізгі бағыты – жылу және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдықтарды өндіру, сервистік қызмет көрсету, қайта құру және энергия аудитін жүргізу.
Кәсіпорынның жылдық айналымы – 25 млрд теңге, қызметкерлер саны – 300-ден астам адам.
Компанияның басты артықшылықтары: қаржы үнемі (отандық өндірістегі жабдық импорттық баламаларға қарағанда арзан), уақыт үнемі (барлық құрамдас бөлшектер қоймада бар, өнімді дайындау мерзімі екі аптадан басталады), энергия үнемі (инновациялық технологиялар арқасында жылу және электр энергиясын тұтыну азаяды), ықшамдылық (қондырғылардың ықшамдылығы өндірістік аумақты үнемдеуге мүмкіндік береді).
Компания зауыттарында заманауи құрал-жабдықтар орнатылған: Алматыда гидроабразивтік кесу станогы, ал Астанада қалыңдығы 6 см дейінгі металды өңдеуге мүмкіндік беретін лазерлік станок жұмыс істейді. Бұл өндіріс сапасы мен өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
«ЭнКо» ЖШС BI Group, RAMS Қазақстан, Базис, SENSATA Group, ORDA Invest, MOYDOM MWC сияқты құрылыс және: «Алматы жылу жүйелері» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Теплокоммунэнерго» МКК (Семей қ.), БҚО жылу желісі коммуналдық сала кәсіпорындарымен, сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Казникель» ЖШС, «АК Алтыналмас» АҚ өнеркәсіп компанияларымен және басқа өнеркәсіптермен ынтымақтастық орнатқан.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков компанияны энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға белсенді қатысуға және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен импортты алмастыру бағдарламасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
«Кәсіпорын өзге ұйымдармен әріптестікке ашық, студенттер мен мамандарға экскурсиялар ұйымдастырып, оларды заманауи технологиялармен және өндірістік үдерістермен таныстырады. Сонымен қатар, компания Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй кешендеріне жаңа инженерлік жабдықтарды енгізіп, отандық машина жасау мен инженерлік инфрақұрылымның дамуына үлес қосуда», – деді Талғат Базарбеков.
Сала дамуына қосқан көпжылдық еңбегі мен үлесі үшін, Қазақстан машина жасаушыларының одағы ұсынуы бойынша, «ЭнКо» ЖШС директоры Руслан Ибрагимов Машина жасаушылар күніне орай «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Отырыс соңында Талғат Базарбеков өткен аптадағы жұмыс қорытындысы мен алдағы жоспарлар туралы хабарлады. Ол Мәжіліс аппаратының басшысымен және ҚР Парламенті Сенаты жобалық кеңсесінің жетекшісі, сенатор Евгений Больгертпен кездесулер өткенін атап өтті. Кездесулерде машина жасау кешенін дамыту мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда Одақ Иранның машина жасау кәсіпорындарымен онлайн-кездесуге қатысу үшін қазақстандық компаниялардың тізімін дайындауда. Іс-шара 20 қазанда өтеді.
Сонымен қатар, қарашаның басында теміржол машина жасау саласындағы австриялық кәсіпкерлер делегациясының сапары жоспарланып отыр. Сапар аясында екі ел компанияларының іскерлік кездесулері мен келіссөздері өтеді.
Қарашаның екінші жартысында Швейцария делегациясы келеді деп күтілуде. Қонақтар қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Қытайдың өнеркәсіптік роботтар өндірушілерінің сапары қарастырылуда. Қытай тарапы робототехникалық кешендерді жеткізу және бірлескен кәсіпорындар құру бағытында қазақстандық компаниялармен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы аймақтық өкілдермен тұрақты түрде өткізілетін отырыстары тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және саланы дамытуға бағытталған шешімдерді қабылдауға арналған маңызды алаң болып табылады.
и