02.10.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 37-шы отырыс өтті

«Қазақстанның машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 37-шы отырыс өтті. Іс-шарада отандық машина жасау саласының алдында тұрған өзекті мәселелер, соның ішінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырыстың маңызды тақырыптарының бірі – Қазақстанда 2025 жылғы 1 шілдеде іске қосылған «Tizilim» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің таныстырылымы болды. Ол reestr.nadloc.kz порталын алмастырып, жер қойнауын пайдалану саласында тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үдерісін жеңілдетуге арналған.

Жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша сатып алулар жүргізуге мүмкіндік береді, басқа мемлекеттік платформалармен біріктірілген және сатып алынатын тауарлар мен қызметтердегі жергілікті қамтудың үлесін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жүйе «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңының 47-бабына енгізілген өзгерістерді ескереді, олар отандық өндірушілерден сатып алынатын өнім көлемін арттыруды көздейді.

«QazIndustry» «Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ цифрлық трансформация дирекциясы басшысының орынбасары Айгерім Ақшалова «Tizilim» жүйесі машина жасау кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:

«Бұл жай ғана сатып алу порталы емес, бұл – компанияларға тапсырыстарды жедел табуға, тендерлерге қатысуға және жер қойнауын пайдалану саласында кең ауқымды серіктестерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық экожүйе».

Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов жүйенің сала үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, оның айтуынша, жүйе қалыптасу кезеңінде тұр және тиімдірек жұмыс істеуі үшін оны жетілдіруді қажет.

Жүйеде жұмыс істеу үшін tizilim.gov.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркелу қажет. Қолданушыларға қолдау 1465 бірыңғай байланыс орталығы және reestrtizilim Telegram-боты арқылы көрсетіледі.

Цифрлық шешімдерден бөлек, отырыста кәсіпорындардың кооперациясы мәселелері қаралды. «Инкар-1» ЖШС-нің коммерциялық директоры Дмитрий Торгаев компанияның машина жасау саласының түрлі сегменттеріне арналған жабдықтарды өндіру және жеткізу мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Теміртау қаласында орналасқан «Инкар-1» ЖШС 26 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келеді. Негізгі қызмет бағыттары: металл өңдеу, металл конструкцияларын өндіру және өнеркәсіптік жабдықтарды жасау. Кәсіпорында 110-нан астам маман еңбек етеді, жыл сайын шамамен 10 мың дана өнім шығарылады.

Компания өнеркәсіптік машина жасау саласында заманауи әрі сапалы шешімдер ұсына отырып, өз құзыреттерін дамытуда. Дмитрий Торгаев қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастық бағыттарын атап өтіп, бизнестің күш біріктіруінің маңыздылығын ерекше айтты.


«Инкар-1» ЖШС презентациясы