«Қазақстанның машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында аймақтық өкілдер мен сала серіктестерінің қатысуымен 35-ші отырыс өтті. Күн тәртібінде машина жасау саласын дамыту және отандық өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.
Ерекше назар Отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру мәселесіне аударылды.
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру дирекциясының жетекшісі Жансая Жақыпова тізілімді қалыптастыру барысын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 27 тамызда тізілімді жүргізу қағидалары бекітілген. Техникалық операциялар тізімі барлық салалық мемлекеттік органдармен келісіліп, қазір ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бекітуіне жолданды. Жүйе қазіргі таңда ОТӨ қатысуымен тестілеуден өтіп жатыр және қазан айының басында пилоттық іске қосылады.
Тізілімді қалыптастыру уәкілетті орган тарапынан жүзеге асырылады және келесі кезеңдерден тұрады:
1) өтінімді жүйедегі жеке кабинет арқылы беру;
2) цифрлық верификация;
3) өндірісті салалық комиссия бағалауы;
4) уәкілетті органның тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауы.
Жансая Жақыпова атап өткендей, «Атамекен» ҚР ҰКП берген барлық қолданыстағы индустриялық сертификаттар жүйеге енгізіледі. Әрбір сертификат нақты Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы кодтарына тіркеледі. Болашақта кәсіпорындар 26 көрсеткіш бойынша цифрлық верификациядан өтуі тиіс болады.
Егер компанияның интернетке қолжетімділігі болмаса немесе сапалы бейне ұсыну мүмкіндігі жоқ болса, онда көшпелі тексерулер қарастырылған. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда кәсіпорынға хабарлама жіберіліп, қателерді түзетуге уақыт беріледі.
Тізілімге енгізу немесе шығару туралы шешімдерді қабылдау үшін мемлекеттік органдардың (ӨҚМ, ДСМ, ЦДИАӨМ, ЭМ, АШМ) және салалық қауымдастықтардың, соның ішінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы қатысуымен салалық комиссиялар құрылады. Өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша комиссия хаттама жасайды, ал оның негізінде уәкілетті орган түпкілікті шешім қабылдайды.
Тізілімге енгізілген қазақстандық тауар өндірушілерге қатысты уәкілетті орган тоқсан сайын цифрлық верификация арқылы мониторинг жүргізеді.
Рәсімдердің мерзімдері төмендегідей белгіленген: кәсіпорынды цифрлық верификациялау – өтінім берген күннен бастап 3 жұмыс күніне дейін, комиссияның өндірісті бағалауы – 10 жұмыс күні, шешім қабылдау – 2 жұмыс күні.
2025 жылдың соңына дейін индустриялық сертификаттар беру жалғасады. Осы күнге дейін рәсімделген барлық құжаттар өтпелі кезең аяқталғанға дейін – 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды болады.
Отырыс аясында Петропавл қаласында 25 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Поиск» венчурлік фирмасы» ЖШС-нің өнімдері таныстырылды.
Маркетинг және өткізу жөніндегі директор Денис Пытьев шығарылатын өнімдер номенклатурасын ұсынды. Бүгінгі таңда кәсіпорын мұнай-газ және өзге де салалардағы жабдықтарды пайдалануға арналған 10 мыңнан астам компонент шығарады.
Компанияның негізгі серіктестері қатарында – «ҚазМұнайГаз-БӨ» АҚ («ӨзенМұнайГаз» ӨФ, «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ), «ПККР» АҚ, «Заман Энерго» ЖШС, «Оңтүстік МұнайГаз» АҚ, «Азимут Энерджи Сервисез» АҚ, «Волковгеология» АҚ және басқалары бар.
Жиын қорытындысында Одақ Отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру жұмысы ел өнеркәсібін дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы аймақтық өкілдермен өткізетін отырыстары апта сайын ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және саланы дамытуға бағытталған шешімдер қабылдау үшін маңызды алаң болып табылады.