11.09.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағында өңірлік өкілдермен 34-ші отырыс өтті

«Қазақстанның машина жасаушыларының одағы» ЗТБ-да өңірлік өкілдер мен салалық серіктестердің қатысуымен 34-ші отырыс өтті. Жиында машина жасау саласын дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.

Отырыста «QazCloud» ЖШС бұлтты сервистер сату департаментінің директоры Әнуар Алтаев және компанияның өнімдерді дамыту қызметінің директоры Алексей Анисимов сөз сөйледі.

Спикерлер заманауи бұлтты сервистер мен IT-аутсорсинг шешімдерін таныстырып, QazCloud компаниясының Қосшы, Павлодар және Ақкөл қалаларында орналасқан меншікті инфрақұрылымының арқасында Қазақстандағы бұлтты шешімдер нарығында көшбасшы екенін атап өтті.

«Біз сенімді әрі инновациялық бұлтты шешімдер ұсынуға ұмтыламыз. Миссиямыз – IT-инфрақұрылымды басқаруды жеңілдетіп, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын заманауи технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деді Әнуар Алтаев.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында өтетін кездесуді хабарлады. Онда «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Білім туралы» (дуальды оқытуды дамытуға басымдық бере отырып) ҚР заңдарына, сондай-ақ Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар талқыланады.

«Мамандар даярлап, тәлімгерлерді ұсынатын кәсіпорындар қолдау табуы маңызды. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін аса өзекті», – деп атап өтті Талғат Базарбеков.

Дуальды білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында үш пилоттық жоба жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ отырыс барысында Одақтың ERG, «Қазатомпром» ҰК» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ компанияларымен импортты алмастыру және ұзақ мерзімді оффтейк-шарттар жасасу мәселелері қаралды.

«Өндіріс көлемін тиімді кеңейту үшін кәсіпорындарға нақты техникалық талаптарды ұсыну маңызды. Бұл тауарлар пулын ұлғайтып, ұлттық компанияларға тұрақты жеткізілімді жолға қоюға мүмкіндік береді», – деді «ТПБ Агромир» ЖШС директоры Наталья Поплавец.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық арасындағы сындарлы диалог алаңын қалыптастыруды жалғастыруда.

 

«QazCloud» ЖШС презентациясы