«Қазақстанның машина жасаушыларының одағы» ЗТБ-да өңірлік өкілдермен 33-ші отырыс өтті. Онда кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен машина жасау саласының даму перспективалары талқыланды.
Бизнестің және ғылымның кооперациясы тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Физика-техникалық ғылымдар институтының бизнес пен ғылымды кооперациялау жөніндегі директор кеңесшісі Қожан Мархабат баяндама жасады. Ол өз сөзінде ғылыми әзірлемелерді өндірістік үдерістерге енгізу отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Университеттер мен ғылыми институттар бизнеске дайын зерттеулерді, тәжірибелік үлгілерді және инновациялық технологияларды ұсына алады, ал кәсіпорындар өз кезегінде олардың практикалық енгізілуін қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ «Asiafilter Inc.» ЖШС коммерциялық директоры Руслан Балмағамбетов компания өнімдерімен таныстырып, өнеркәсіптік сүзгілерді шығаруға маманданған кәсіпорынның дамуы туралы айтты. Компания шағын және панельдік сүзгілерден бастап, картридждік, қапшықты және ұсақ шаң бөлшектерін ұстай алатын НЕРА-сүзгілерге дейін кең ауқымды өнім шығарады. «Asiafilter Inc.» ЖШС шешімдері жеңіл және ауыр өнеркәсіпте, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында, медициналық мекемелерде, білім беру ұйымдарында және адам көп жиналатын орындарда қолданылады.
Отырыста Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тендерлеріне қатысу үшін отандық тауар өндірушілердің біртекті өнімге декларация беру талабын алып тастау мәселесін көтерді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы бұл мәселе бойынша сала кәсіпорындарынан ұсыныстар мен пікірлер жинауда. Қорытынды ұсыныстар қалыптастырылып, мүдделі органдарға әрі қарай қарау үшін жолданатын болады.
Одақ мүдделі мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп, сатып алу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмысын жалғастырады. Негізгі мақсат – мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуда отандық өнімнің үлесін ұлғайту және елдің өнеркәсіптік әлеуетінің өсуін ынталандыру.
ҚМЖО мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық арасындағы сындарлы диалог алаңын қалыптастыруды жалғастыруда. Мұндай жұмыстың нәтижесі жаңа өндіріс модельдерінің дамуы, инновацияларды енгізу және отандық машина жасаудың ішкі және сыртқы нарықтардағы позицияларын нығайту болуы тиіс.