«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз жетінші онлайн отырыс өтті.
Отырыс барысында электр энергетикасын дамыту келешегі, кәсіпорындардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелері және отандық «INOS ASIA» ЖШС өндірістік мүмкіндіктері талқыланды.
«Energy Monitor» қоғамдық қорының жобалар жөніндегі директоры Жұмат Нияз алда өтетін «Power Trends: Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнеске арналған мүмкіндіктер» конференциясы туралы айтып берді.
Конференцияның негізгі назарында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, генерациялайтын қуаттарды дамыту және отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері тұр. Бағдарламада жобаларды практикалық іске асыруға, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобаларының сатып алуларына арналған электрондық платформаның жұмысына, толық аяқталған объектілерді салуға, сондай-ақ инвестициялар мен инфрақұрылым мәселелеріне арналған пленарлық және пікірталас сессиялары қарастырылған.
Жекелеген сессиялар атом энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне және гидроэнергетикаға арналады. Бұл Қазақстанның энергетикалық теңгерімін әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізу келешегін талқылауға мүмкіндік береді.
Келесі мәселе кәсіпорындардың цифрлық қауіпсіздігіне арналды. SkillPass IT-компания директоры Кенжеғали Қайсар компания қауіпсіздігін басқару құралдарын бірыңғай жүйеге біріктіретін цифрлық платформаны таныстырды.
Платформа еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және басқа да бағыттардағы процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынылған шешімдердің қатарында талаптар мен бұзушылықтарды анықтауға арналған AI-құралдар, нұсқамаларды тіркеудің электрондық журналы, қызметкерлерді онлайн оқыту және тестілеу, есептілікті автоматтандыру және талаптардың сақталуын бақылау жүйелері бар. Платформаны 10 мыңнан астам адам пайдаланады, онда 150-ден астам курс қолжетімді.
Кездесу соңында «INOS ASIA» ЖШС-нің бас директоры Айгерім Жетібaева компанияның өндірістік мүмкіндіктері мен негізгі қызмет бағыттарын таныстырды.
INOS ASIA Атырау қаласында аумағы 600 шаршы метр өндірістік базасын дамытып келеді. Мұнда айналмалы жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ арнайы тіректер, жабдықтар мен металл конструкцияларын өндіру жұмыстары жүргізіледі. Өндірістік алаңдарда механикалық өңдеу учаскесі, дәнекерлеу аймағы, жөндеу және бояу цехтары, сондай-ақ металды дайындау учаскесі бар.
Компания қызметінің жеке бағыты – энергетика саласының объектілерінде жоғары дәлдікті механикалық өңдеу жұмыстарын жүргізу. INOS ASIA мамандары турбиналардың корпустары мен диафрагмаларын өңдеу, отырғызу орындарын қалпына келтіру, роторлар мен қалақшалармен жұмыс істеу, 3D-сканерлеу және геометриялық бақылау жұмыстарын орындайды.
Компания шетелдік өндірушілермен ынтымақтастықты да дамытып келеді. Neuman & Esser GmbH компаниясымен серіктестік аясында INOS ASIA OEM стандарттарына сәйкес сервистік қызметтер көрсетеді. Оның ішінде жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізу, механикалық тығыздағыштар мен поршеньді компрессорларды жөндеу, көшпелі сервистік қызмет көрсету, жабдықтардың техникалық жай-күйін мониторингтеу және инженерлік-техникалық қолдау бар.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы онлайн отырыстары практикалық білім алмасуға, заманауи шешімдер мен отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ кәсіби және өнеркәсіптік өзара іс-қимылды дамытуға арналған алаң ретінде жұмысын жалғастыруда.