03.09.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында электрондық сатып алулардың мүмкіндіктері және отандық өндірістің әлеуеті талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз екінші онлайн отырыс өтті.

Кездесу барысында қатысушылар отандық кәсіпорындар үшін электрондық сатып алулардың мүмкіндіктерін, сондай-ақ «Борусан Макина Қазақстан» ЖК ЖШС-нің өндірістік әлеуетін талқылады.

Алғашқы спикер ретінде Mp.kz сауда алаңының бас директоры Константин Пак сөз сөйлеп, электрондық сауда алаңының мүмкіндіктерін таныстырды. Ол цифрлық құралдардың сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға және компаниялардың шығындарын азайтуға қалай ықпал ететінін айтып берді.

Mp.kz 2003 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстан мен басқа елдерден тіркелген шамамен 96 мың компанияны біріктіреді. 2025 жылы алаңда өткізілген сатып алулардың көлемі 95 млрд теңгені құрады.

Отырыстың қатысушыларына сауда-саттықтың негізгі форматтары да таныстырылды. Олардың қатарында классикалық сауда-саттық, баға ұсыныстарын сұрату, рамалық шарт және прайс-парақтар бойынша сатып алу, біліктілік іріктеуі және аукциондар бар. Алаңның артықшылықтары қатарында жеткізушілердің кең базасы, лоттарды ашық талқылау, шарттарды электрондық цифрлық қолтаңба арқылы келісу және қол қою мүмкіндігі, сондай-ақ жекелеген рәсімдерді автоматтандыру атап өтілді.

Отырыстың екінші бөлігі «Борусан Макина Қазақстан» ЖК ЖШС-нің өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктеріне арналды. Кәсіпорынның сапаны басқару бөлімінің бастығы Григорий Асеев шығарылатын өнім номенклатурасын және Қарағандыдағы Компоненттерді қалпына келтіру орталығының (CRC) мүмкіндіктерін таныстырды.

2011 жылы ашылған орталықтың құрамында жөндеу, құрастыру және сервистік цехтар, гидравликалық және дәнекерлеу учаскелері, зертхана, орталық қойма және оқу бөлімі бар. Негізгі қызмет бағыттарына компоненттерді жөндеу және қалпына келтіру, ауыр техниканы жасау және жөндеу, бөлшектерді механикалық өңдеу, дәнекерлеу және техникалық сұйықтықтарды талдау кіреді.

Қарағандыдағы CRC Caterpillar компаниясының алты сертификаттауынан сәтті өткен. Металл өңдеу және дәнекерлеу жабдықтарының кешенді паркі 65-тен астам бірлікті қамтиды. Бұл компоненттерді механикалық өңдеу мен металды июден бастап, балқытып қаптау және дәнекерлеуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Презентация барысында 3D-сканерлеу технологиясын қолдануға да ерекше назар аударылды. Бұл технология қолданыстағы нысандардың цифрлық модельдерін жасауға мүмкіндік береді. Олар бөлшектерді қалпына келтіру, талдау және кейіннен жаңа шешімдерді жобалау үшін пайдаланылады.

Кәсіпорын шығаратын өнімдер мен орындайтын жұмыстардың қатарында шанақтар мен шөміштерді жасау және қалпына келтіру, гидравликалық цилиндрлер мен тиегіштердің жебелерін өндіру, автоцистерналар мен қиыршықтас шашқыш машиналар жасау, электр сымдарының шоғырларын қалпына келтіру, сондай-ақ тау-кен және өнеркәсіптік техникаға арналған түрлі компоненттерді дайындау бар.

Мұндай онлайн кездесулер өткізу Ода қатысушыларын әлеуетті серіктестермен танысуға, өткізу мен кооперацияның жаңа арналарын табуға, сондай-ақ сатып алудың заманауи құралдары мен отандық компаниялардың өндірістік мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге және сала кәсіпорындары арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған жұмыс кездесулерін өткізуді жалғастырады.


Mp.kz презентациясы

«Борусан Макина Казахстан» ЖК ЖШС презентациясы