«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз бесінші онлайн отырыс өтті.
Отырыс барысында қатысушылар жер қойнауын пайдаланушылардың «Tizilim» электрондық сатып алу порталын пайдалану мүмкіндіктерін талқылап, сондай-ақ отандық «Қазтехфильтр» ЖШС кәсіпорнының өндірістік әлеуетімен танысты.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Ішкісалалық құндылықты дамыту дирекциясы басшысының орынбасары Айгерім Маратбекова қатысушыларға «Tizilim» порталының мүмкіндіктері мен ішкісалалық құндылықты дамыту тәсілдерін таныстырды.
Отырыс барысында ішкіқазақстандық құндылықты дамыту бағдарламасы қаралды. Бағдарлама үш жылдық кезеңге арналған елішілік құндылық көрсеткіштерін белгілеуді, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын, жергіліктендіру тетіктерін, сондай-ақ «ШОБ белдеуін» дамытуды көздейді.
Сонымен қатар офтейк-келісімшарттарды міндетті түрде жасасу тетігі қаралып, тапсырыс берушілер тізбесін кеңейту ұсынылды. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылармен қатар, жүйе құраушы кәсіпорындарды, квазимемлекеттік компанияларды және табиғи монополиялар субъектілерін енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ қатысушыларға отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуді кепілдендірудің жаңа тетігін – кепілді сатып алу шарттарын енгізу жөніндегі бастама таныстырылды. Бұл тетікті офтейк-келісімшарттармен қатар қолдану ұсынылады.
Онлайн отырыстың екінші бөлігі «Қазтехфильтр» ЖШС кәсіпорнының таныстырылымына арналды. Кәсіпорынның сату бөлімінің басшысы Алихан Тұрғанбеков өндірілетін өнімдер мен компания қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.
«Қазтехфильтр» – отандық және шетелдік техникаға арналған ауа сүзгіш элементтерін өндіретін қазақстандық кәсіпорын. Компания, оның ішінде импорттық сүзгі элементтерін алмастыруға бағытталған өнім өндірісін дамытып келеді.
Кәсіпорын алғашқы өнімін 2012 жылғы қарашада шығарды. Кейінгі жылдары өнім номенклатурасы айтарлықтай кеңейді: егер 2012 жылы өнімнің 8 түрі өндірілсе, 2025 жылға қарай олардың саны 430 түрге жетті. Кәсіпорын жұмыс істеген барлық кезеңде шамамен 71 мың сүзгі элементін өндірді.
Компания өндірістік мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. 2024 жылы корпус сүзгілерін өндіретін жаңа цех іске қосылды. 2025 жылы кәсіпорын өнімдері «Бақыршық тау-кен кәсіпорнында» кешенді сынақтан өтті. Сынақ нәтижесінде «БелАЗ» техникасында ауа, май және отын сүзгі элементтерін қолдануға рұқсат алынды.
Сонымен қатар кәсіпорын өнім тұтынушыларының аясын кеңейту бағытында жұмыс жүргізуде. Жаңа бағыттардың қатарында автобус парктері, әскери бөлімдер және төтенше жағдайлар қызметтері аталды.
Қазақстан машина жасаушылары одағының онлайн отырыстары практикалық ақпарат алмасуға, отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін таныстыруға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ықпал ететін құралдарды талқылауға арналған тиімді алаң ретінде өз жұмысын жалғастыруда.