27.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында электрондық дүкен мен отандық өндірушінің өнімдері таныстырылды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы отыз бірінші онлайн-отырыс өтті.

Кездесу барысында қатысушыларға SKstore.kz электрондық дүкені, сондай-ақ «Газ жүйелері зауыты» ЖШС өнімдері мен шығарылатын бұйымдарының номенклатурасы таныстырылды.

«QazCloud» ЖШС клиент-менеджері Әнел Уәлихан жедел әрі ашық сатып алуға арналған цифрлық алаң болып табылатын SKstore.kz электрондық дүкенінің мүмкіндіктері, сатып алуды өткізу тәртібі және қазақстандық жеткізушілер үшін артықшылықтары туралы айтып берді.

Бүгінде жүйеде 23 мыңнан астам жеткізуші тіркелген, олардың шамамен 95%-ы шағын және орта бизнес субъектілеріне жатады. Платформада 21,8 мыңнан астам тауарлар, жұмыстар мен қызметтер коды қамтылған 49 тауар санаты, сондай-ақ 7 қызмет санаты ұсынылған. Отандық тауар өндірушілер үшін басымдық берудің арнайы тетіктері қарастырылған.

Платформада әртүрлі сомадағы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мүмкіндік қарастырылған, оның ішінде 20 мың АЕК-ке дейінгі сатып алулар және 100 АЕК-ке дейінгі сатып алудың жеке тәртібі бар. Артықшылықтардың қатарында рәсімдердің қысқартылған мерзімдері, тауардың нақты маркасы мен моделін таңдау мүмкіндігі, құжаттарға онлайн қол қою, қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беру және олардың өтінімдерін басым тәртіппен қарау атап өтілді.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың 8 айында SKstore.kz платформасындағы тапсырыстар сомасы 47,7 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 38,1 млрд теңгені құраған.

Отырыстың екінші бөлімі «Газ жүйелері зауыты» ЖШС таныстырылымына арналды. Өндірістік-техникалық бөлімнің менеджері Юлия Гриднева қатысушыларға кәсіпорынның негізгі қызмет бағыттары мен шығаратын өнімдерін таныстырды.

Кәсіпорын 2018 жылы Орал қаласында құрылған және әртүрлі күрделіліктегі өнеркәсіптік газ жабдықтарын өндіруге маманданған. Өндірістік алаң заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Сонымен қатар кәсіпорынның тапсырыс берушілердің талаптарына сәйкес жеке техникалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін өз конструкторлық бюросы бар.

Өнім номенклатурасына газ реттеу пункттері мен қондырғылары, бас және блокты газ реттеу пункттері, автоматтандырылған тарату станциялары, блокты-модульдік қазандықтар, газ шығынын есепке алу пункттері, конденсат пен одорантты сақтауға арналған сыйымдылықтар, сондай-ақ басқа да газ жабдықтары кіреді.

Кәсіпорын қызметінің жеке бағыты – жобалау. Жеке конструкторлық бюро функционалдық-габариттік сызбаларды, жобалық шешімдер мен техникалық құжаттаманы әзірлеумен айналысады. Таныстырылым барысында қажетті рұқсат беру құжаттары мен сертификаттардың бар екені, сондай-ақ өнімге 5 жылға дейін кепілдік мерзімі берілетіні атап өтілді.

Презентация барысында кәсіпорынның жабдық өндіруге қажетті бірқатар құрамдас бөлшектерді бүгінде шетелден сатып алатыны да атап өтілді. Осыған байланысты «Газ жүйелері зауыты» ЖШС қажетті бөлшектерді өндіруді игеруге мүмкіндігі бар Одаққа мүше кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Кәсіпорын отандық өндірушілерге қажетті жабдықтар мен бөлшектердің тізбесін ұсынып, оларды өндіруді жергіліктендіру мүмкіндіктерін одан әрі пысықтауға дайын.

Мұндай онлайн-отырыстарды өткізу кәсіпорындарға қолжетімді сатып алу құралдары туралы ақпарат алумен қатар, әлеуетті серіктестердің өндірістік мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл машина жасау саласы үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, жаңа тапсырыс берушілерді іздеуге және отандық өнімді ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы кәсіпорындар мен өңірлік өкілдердің қатысуымен тұрақты кездесулер өткізуді жалғастырып, ақпарат алмасуға, отандық өнімді таныстыруға және іскерлік байланыстарды дамытуға арналған алаң қалыптастырады.


SKstore.kz презентациясы

«Газ жүйелері зауыты» ЖШС  презентациясы